Ыстанбұл түркі әлемінің жастар астанасы атанды

5 Мамыр 2023, 04:24
1434
Бөлісу:
Ыстанбұл түркі әлемінің жастар астанасы атанды
Фото: Anadolu Agency

Ыстанбұл қаласы 2023 жылғы түркі әлемінің жастар астанасы болып жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ Анадолу агенттігіне сілтеме жасап.

Түркияның жастар және спорт министрі Мехмет Мұхаррем Касапоғлу, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев және Ыстанбұл губернаторы Али Йерликая құжатқа қол қойды.

Өткен жылы алғаш рет Өзбекстанның Бұхара қаласы түркі әлемінің жастар астанасы ретінде жарияланған. Ал биыл Түркия Республикасының 100 жылдығына орай Ыстанбұл 2023 жылғы түркі әлемінің жастар астанасы ретінде таңдалды.

Алып шаһардың тарихы да тереңде. Ол кешегі Римнің, Византия мен Осман империясының астанасы болған. Бүгінде Түркияның ең үлкен қаласы. Сондай-ақ 15 миллионнан астам тұрғыны бар әлемдегі ең үлкен 5-ші шаһар (халық саны бойынша). Жиын барысында Түркияның жастар және спорт министрі Мехмет Касапоғлу сөз сөйледі.

Ыстанбұл Пайғамбарымыз сүйінші сұраған көне қала. 21 жастағы Фатих Сұлтан Мехмет Хан жаулап алғаннан кейін "Фатих" деп атала бастады. Ол тек түрік тарихында ғана емес, дүниежүзі тарихында да ең ұлы көшбасшылардың біріне айналды. Түркия, түркі мемлекеттері ұйымына ерекше мән береді, келешегіне сеніммен қарайды. Осы ұйым атқаратын барлық іс-шараларды жоғары деңгейде жүзеге асыруға тырысамыз, - деді министр.

Бұдан бөлек Мехмет Касапоғлу Түркиядағы жер сілкінісі кезінде достық қолын созған бауырлас елдерге алғысын жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы