Қазақстан ядролық қарусыздану бастамаларын қолдауға шақырды

9 Маусым 2020, 21:58
1767
Бөлісу:
Қазақстан ядролық қарусыздану бастамаларын қолдауға шақырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Стокгольмдік топтың Ядролық қаруды таратпау туралы Шартты қолдау үшін ядролық қарусыздануды жақтайтын министрлік видеоконференциясына қатысты.

М.Тілеуберді Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен Семей сынақ полигоны жабылғанын атап өтті. Ол Семей өңірінің қоршаған ортасын және халқын оңалту жөніндегі, сондай-ақ ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі Жалпыға ортақ декларация ережелерін іске асыру жөніндегі бастамаларымызды қолдауға шақырды.

Бейнеконференция барысында нақты қадамдар, соның ішінде ядролық қаруы бар мемлекеттермен жұмыс істеу бойынша нақты қадамдар талқыланды. ЯҚТШ-ның мақсаттарына бекемділік ЯҚТШ-ның мерейтойлық 10-шы шолу конференциясын табысты өткізу үшін маңызды болмақ.

Швецияның бастамасы бойынша құрылған Стокгольм тобының қатысушылары халықаралық қауымдастықты, ең алдымен ядролық қаруға ие мемлекеттерді қауіпсіздік доктриналары мен саясатындағы ядролық қарудың рөлін төмендету үшін қолда бар барлық мүмкіндіктерді пайдалануға, сондай-ақ толық ядролық қарусыздануға шақырады. Топтың алғашқы кездесуі Стокгольмде 2019 жылы өтті.

Стокгольм тобына Қазақстанмен қатар Аргентина, Канада, Финляндия, Эфиопия, Германия, Индонезия, Жапония, Иордания, Нидерланды, Норвегия, Жаңа Зеландия, Корея Республикасы, Испания, Швеция және Швейцария кіреді.

Өзгелердің жаңалығы