Волонтерлар мыңнан астам жоғалған азаматты іздеуге атсалысты – Олжас Мамыр

8 Желтоқсан 2020, 19:35
2016
Бөлісу:
Волонтерлар мыңнан астам жоғалған азаматты іздеуге атсалысты – Олжас Мамыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтанда Мемлекет басшысының қатысуымен Волонтерлер жылының ресми жабылу салтанатында Арыс қаласынан волонтер Олжас Мамыр Волонтер жылы еріктілерге деген құрмет артып, еңбегі елене бастағанын айтты. 

Арыстағы апат кезінде тұрғындарды эвакуациялап, азық-түлікпен және киім-кешекпен қамтамасыз етуге атсалыстық. Жақынынан көз жазып қалған қаншама жанның қайта қауышуына себеп болдық. Ең бастысы, төтенше жағдайда жылдам әрекет ету тәсілдерін үйрендік. Осы жинаған тәжірибені Мақтааралда қолдандық. Су тасқыны кезінде барлық волонтер бір орталыққа бірігіп, тізе қосып қимылдады. 16 мың тонна гуманитарлық көмек үлестірілді. Тіпті суға кеткен адамдарды құтқарып қалған кезіміз де болды, - деді волонтер.

Олжас Мамыр пандемия кезінде дәрігерлермен, тәртіп сақшыларымен бірге жағдайды тұрақтандыруға белсене атсалысқанын айтты. 

Бұл жұмыстардың барлығы Президент ұсынған «Birgemiz:umit» жалпыұлттық жобасының мақсатымен толық үндеседі.

Биыл «Birgemiz:umit» жобасының волонтерлері 1 мыңнан астам жоғалған азаматты іздеуге қатысты. Хабар-ошарсыз кеткен 50 адамды табуға көмектесті. Ұлы Отан соғысы өткен жерлерден табылған наградалар арқылы Қазақстандық 566 сарбаздың есімін анықтауға атсалысқан. Волонтерлер есірткіні жарнамалайтын 87 граффити қабырға бейнелерін жоюға қатысты, - деп хабарлады Олжас Мамыр.
Айта кетейік, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 2019 жылы 24 маусым күні жарылыс болып, 3 адам қаза тапқан болатын. Сонымен қатар 1 мамырда Өзбекстандағы Сырдария облысында Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылды. Соның салдарынан Мақтаарал ауданындағы елді мекендерді су басып, төтенше жағдай орын алды.
Өзгелердің жаңалығы