Владислав Яковлев Токио Олимпиадасына жолдама алды

7 Мамыр 2021, 16:24
1725
Бөлісу:
Владислав Яковлев Токио Олимпиадасына жолдама алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жапонияда академиялық есуден Азия-Океания аймақтық Олимпиадаға іріктеу турнирі аяқталды. Қазақстандық Владислав Яковлев ерлер арасындағы жекелей сында лицензия иегері атанды деп хабарлайды Olympic.kz.

 
Финалда Владислав Яковлев Жапония және Иран спортшыларын алға жіберіп, қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ, әйелдер арасындағы финалдық бәсекеде Светлана Германович бесінші орынға тұрақтады.

Жарыс ережесі бойынша, Қазақстан командасының турнирдегі жалпы көрсеткіші ескеріліп, бір лицензия беріледі. Іріктеу турнирінде қола медаль иеленген Владислав Яковлевті жолдамаға лайық деп танылған.

Шынымды айтсам, спортшылардың барлығы да финалға өткені үшін өте қуаныштымын. Өйткені, осыншама үзілістен соң, қазіргідей дайындық жағдайында сынға түсу оңай емес. Олардың барлығы да көңілден шықты. Ескі ереже бойынша, Германович те, Яковлев те жолдамаға ілігеді. Бірақ, бұл ескі ереже. Жаңартылған нұсқа бойынша, Қазақстан командасына тұтастай бір лицензия берілді. Сол жолдаманы жүлделі орын алған Владислав Яковлев иеленуі тиіс. Өйткені, бұл спорттық тұрғыдан өте әділ шешім. Спортшылардың барлығына ең соңына дейін күрескені үшін алғыс айтамын, - дейді бас бапкер Владимир Белоногов. 

Владислав Яковлев 1993 жылы 1 қаңтарда Түркістан облысында дүниеге келген. Академиялық есуден жасөспірімдер арасындағы екі дүркін Азия чемпионы (2010, 2011), ересектер арасындағы құрлық біріншілігінде алғашқы бестікке енген (2012). Лондон Олимпиадасының қатысушысы.

Айта кетелік, жеңіл салмақтағы спортшылар санатында жұптасып өнер көрсеткен Анастас Шашков пен Александр Афанасьев алтыншы орынды қанағат тұтты.


Өзгелердің жаңалығы