Вице-министр: Жол ақылы болатынын, қанша, қайда төленетінін түсіндіру керек

5 Мамыр 2023, 18:15
869
Бөлісу:
Вице-министр: Жол ақылы болатынын,  қанша, қайда төленетінін түсіндіру керек
Фото: ИИДМ

Вице-министр Алмаз Ыдырысов Балқаш-Бурылбайтал және Бурылбайтал-Күрті учаскелеріндегі мердігерлерге құрылыс техникасы паркін кеңейтіп, жолдағы құрылыс жұмыстарының қарқынын ұлғайту бойынша нұсқау берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алмаз Ыдырысов Астана-Алматы автожолының Қарағанды, Жамбыл және Алматы облыстарындағы қалған учаскелерінде құрылыс жұмыстарын жүргізуге ниетті мердігерлердің дайындығын тексерді. Ол құрылыс техникасы паркімен және құрылыс материалдарының қорымен танысты. Өз кезегінде мердігер компаниялардың өкілдері жұмысқа дайындықтары туралы есеп берді.

Тексеру барысында мердігерлерге тиесілі базаларда жол құрылысына қажет материалдардың, оның ішінде битумның жеткілікті көлемі дайындалғаны анықталды. Алайда, қазіргі уақытта оңтүстік аймақта ауа райының салқындауы байқалып, түнде ауа температурасы нөлден төмен түседі. Сондықтан құрылысшылар негізгі жұмыстар аяқталған жерлерде асфальт төсеу бойынша жұмысты бастап кету үшін қолайлы ауа-райының орын алғанын күтуде.

Осы ретте вице-министр мердігер ұйымдарға жол құрылысындағы техника көлемін ұлғайтуды тапсырды.

Осы құрылыс кезеңінде көктем мен жаздың әрбір күнін барынша ұтымды пайдалануымыз қажет. Үкімет пен министрлік тарапынан бұл жұмыстардың нәтижелі жүзеге асырылуы үшін барлық жағдай жасалып, қаражат бөлінді. Бұл ­елдің оңтүстігі мен орталығын байланыстыратын негізгі артерия. Себебі күн сайын автомобиль ағыны артып келеді. Айналма жолдармен жүріп жүрген адамдар учаскенің тезірек пайдалануға берілуін күтіп жүр. Сондықтан жұмысты тез әрі сапалы түрде аяқтау қажет, - ­деді Ыдырысов.

Сондай-ақ ол ИИДМ құрылыс жұмыстарының басынан бастап мониторинг жүргізетінін ескертті. Егер қандай да бір мердігерлер өз міндеттерін орындай алмаса, ведомство құрылыс маусымының аяқталуын күтпей-ақ келісімшартты бұзатынын айтып жеткізді.

Жұмыс сапары барысында ИИДМ өкілдері «Алматы облысындағы Үлкен Алматы айналма автожолы (БАКАД)» жобасы бойынша жұмыстардың орындалу барысымен танысты. Алдағы бір-екі айда жол іске қосылады, деп күтілуде. Мамандардың есебі бойынша, айналма автожол Алматы көшелеріне түсетін жүктемені 60 пайызға төмендетеді.

Жұмыстар аяқталуға жақын, сондықтан халық арасында жүргізілетін түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Адамдар жол ақысы төленетінін, сонымен бірге қанша, қайда және жалпы төлеу әдістерін, жол ақысы машинаның санатына байланысты болатынын білуі керек, - деп атап өтті вице-министр.

Айналма жолдағы жағдаймен танысқаннан кейін вице-министр құрылыс жұмыстарының барысын тексеріп, Шамалған станциясын айналып өту бойынша жобаларды іске асыратын әрі 101 және 143 километр аралығындағы «Ұзынағаш – Отар» республикалық маңызы бар А-4 жолын реконструкциялаумен айналысып жатқан мердігерлермен кеңес өткізді.

Өзгелердің жаңалығы