Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова Үкімет отырысында ет бағасына қатысты болжамын айтты. Оның пікірінше, сиыр етінің күрт қымбаттауына негіз жоқ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Республика бойынша сиыр етінің бір келісі орта есеппен 3,8 мың теңге тұрады. Астанада баға 3,8 мың теңгеден 4 мың теңгеге дейін және одан да жоғары. Мәселен, «Шапағат» базарында еттің келісі 3,9 мың теңге болса, «Артемде» 4,4 мың теңгеден сатылады. Дегенмен бағаның күрт өсуіне ешқандай негіз көріп отырған жоқпыз, – деп атап өтті вице-министр.
Айтуынша, ішкі нарық отандық өндіріс есебінен толық қамтамасыз етілген.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша 434 мың тонна сиыр етін өндірдік. Биыл да өндіріс көлемінің өсіп жатқанын байқап отырмыз. Сондықтан бағаның күрт өсуіне негіз жоқ деп санаймыз, - деді вице-министр.
Еске салайық, бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі елдегі картоптың бағасына қатысты болжамын ұсынған болатын.