Венгрия президенті өз қызметінен кету туралы жарлыққа қол қойды

Заң мәтініне сәйкес, бұл өзгерістер жаңа Конституция қабылданғанға дейін мемлекеттік институттардың қалыпты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңа Конституцияны парламент қоғамдық және сарапшылық талқылаулардан кейін әзірлеуді жоспарлап отыр.

 АР 19 Шілде 2026, 21:20
19 Шілде 2026, 21:20
536
Фото: АР

Венгрия президенті Тамаш Шуйок өз өкілеттігін тоқтататын Конституцияға енгізілген он жетінші түзетуге қол қойды. Құжатқа қол қойылғаннан кейінгі күні күшіне енеді. Осыдан соң жаңа мемлекет басшысы сайланғанға дейін президенттің міндетін уақытша парламент төрағасы Агнеш Форстхофер атқарады.

Әлеуметтік желілерде жариялаған мәлімдемесінде Шуйок бұл түзетуді «бұрын-соңды болмаған әрі масқара жағдай» деп атап, оны саяси билікті асыра пайдаланудың көрінісі деп бағалады. Оның айтуынша, Конституцияға бір ғана сөйлем енгізу арқылы қызметтегі президенттің өкілеттігін тоқтату құқықтық мемлекет қағидаттарына және мемлекеттік институттардың тәуелсіздігіне қайшы келеді.

Сонымен бірге Шуйок құжатқа қол қоюдан бас тарта алмағанын, өйткені бұл заңды бұзу болып саналатынын айтты. Оның сөзінше, қол қоюы – президенттік өкілеттігінің соңғы күніне дейін Конституцияны сақтағанының дәлелі. Алайда оның пікірінше, бұл түзету демократия, биліктің бөлінуі және заң үстемдігі қағидаттарынан алшақтауды көрсетеді.

Президент өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатумен қатар, он жетінші түзету парламент депутаттарының қызмет мерзімін 12 жылмен шектейді, Конституциялық сот судьялары үшін 70 жас шегін белгілейді, сот жүйесі басшыларын қызметінен кері шақырып алу мүмкіндігін кеңейтеді және Мемлекеттік мүлікті қайтару және қорғау жөніндегі ұлттық басқарма құруды қарастырады.

Жас шектеуі қыркүйекте 71 жасқа толатын Конституциялық сот төрағасы Петер Полтқа, сондай-ақ тағы бірнеше судьяға қатысты қолданылады.

Түзету 13 шілдеде парламентте 139 депутаттың қолдауымен, 6 депутаттың қарсылығымен қабылданды. Құжатты сәуір айындағы сайлауда конституциялық көпшілікке ие болған премьер-министр Петер Мадьярдың үкіметі ұсынған. Ал Виктор Орбанның «Фидес» партиясы мен Христиан-демократиялық халық партиясының өкілдері дауыс беруге қатыспады.

Заң мәтініне сәйкес, бұл өзгерістер жаңа Конституция қабылданғанға дейін мемлекеттік институттардың қалыпты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңа Конституцияны парламент қоғамдық және сарапшылық талқылаулардан кейін әзірлеуді жоспарлап отыр.

Наверх