Вакцинация – жұқпалы аурулармен күрестің тиімді жолы

8 Қараша 2022, 13:40
2733
Бөлісу:
Вакцинация – жұқпалы аурулармен күрестің тиімді жолы

Жұқпалы аурулармен күресте іске асырылатын медициналық іс-шаралардың ішінде жетекші орындардың бірі – халықты вакциналау, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Ол бүкіл әлемде инфекциялармен күресудің ең тиімді, үнемді және қолжетімді құралы ретінде танылды. Осы тақырып төңірегінде біз бүгін Қазақстан Республикасы ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаевамен әңгімелескен едік.

- Нұршай Үйсінтайқызы, неге вакциналау тиімді бағдарлама болып саналады және бұл іс-шара ел бюджетіне қаншалықты салмақ салады? 

- Вакциналау тиімді бюджеттік бағдарламалардың бірі. Эпидемиологиялық тиімділігі дәлелденген кез-келген инфекцияға қарсы вакциналау шығыны сол ауруды емдеуге кететін шығыннан шамамен 10 есе аз екені белгілі. Жыл сайын вакциналау бағдарламасына 30 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінеді.  

- Халықты вакциналау қалай жүргізіледі?

- Елімізде инфекциялық ауруларға қарсы 5 млн-ға жуық адам егіледі, оның ішінде 1,3 млн-ы бала. Иммунопрофилактика саласындағы мемлекеттік саясат алдын алуға, ал сырттан әкелінген жағдайда – инфекциялық ауруларды оқшаулауға және жоюға бағытталған. Халықты вакциналау 20 жұқпалы ауруға қарсы егудің Ұлттық күнтізбесіне сәйкес тегін жүргізіледі. Вакциналау жүргізілетін инфекциялардың мерзімі мен атауын Үкімет бекітеді.

- Алдын алу шаралары жүргізілетін аурулар тізімімен және қандай қаражат есебінен жүргізілетінін білуге бола ма?

- Болады, әрине. Біріншіден – Республикалық бюджет есебінен жұқпалы және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық егулер жүргізіледі. Оларға, мысалы, құтыру, іш сүзегі, көктемгі-жазғы кене энцефалиті, "В" вирустық гепатиті, В типті гемофильді инфекция, дифтерия, көкжөтел, қызылша, қызамық, полиомиелит, сіреспе, туберкулез, оба, эпидемиялық паротит, пневмококкты инфекция, коронавирустық инфекция қатарлы сырқаттар жатады.

Екіншіден – жергілікті бюджет есебінен профилактикалық егулер жүргізілетін жұқпалы аурулар да бар. Олардың қатарында – "А" вирустық гепатиті, тұмау, сібір жарасы, туляремия т.б. бар.

Вакцинация – жұқпалы аурулармен күрестің тиімді жолы

- Елімізде балаларға арналған вакциналардың сапасына кепілдік бар ма?

- Балаларды кепілдендірілген сапалы вакциналармен қамтамасыз ету мақсатында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификатын алған өндіріс орындарының ғана вакциналары сатып алынады.

Бұдан басқа, елімізде мемлекеттік тіркеуден өткен вакциналар пайдаланылады. 

Профилактикалық егулерді жүргізер алдында медицина қызметкері вакциналардың сапасын: ампуланың (құтының) тұтастығын, жарамдылық мерзімін, таңбалануын, вакцинаның еріткішке және қоса беріліп отырған нұсқаулыққа сәйкестігін тексереді. 

2013 жылдан бастап ел құрамында тұтас жасушалы көкжөтел компоненті бар адсорбцияланған көкжөтел-дифтерия-сіреспе вакцинасы бар вакциналарды қолданудан жасушасыз көкжөтел компоненті бар вакциналарға көшті, оларды пайдалану кезінде иммундаудан кейін қолайсыз көріністердің өршу жиілігі мен қаупі төмендеді. 

Бұдан басқа, қолайсыз көріністердің өршуі бойынша тәуекелдерді азайту мақсатында 2013 жылдан бастап балаларға пайдалану үшін көп дозалы вакциналар бір дозалы орамдағы вакциналарға ауыстырылды. 

Вакциналармен және басқа да иммунобиологиялық препараттармен қамтамасыз етудің арқасында көп жыл бойы ДДҰ ұсынған нысаналы жастағы балаларды профилактикалық егулермен қамту көрсеткіші қамтамасыз етіледі (әрбір әкімшілік аумақ бойынша кемінде 95%), вакцинамен басқарылатын инфекциялық сырқаттанушылықтың өсуіне және таралуына жол берілмейді.

- Иммундаудың тиімділігі туралы қандай статистикалық мәліметтер бар? 

- Иммундау арқылы жұқпалы аурулар мен олардан болатын өлімді азайту үшін көп нәрсе жасалды.  

Вакцинамен басқарылатын инфекциялар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Соңғы 30 жылда Ұлттық иммундау саясатының арқасында сырқаттанушылықтың төмендеуі байқалады. Мысалы: 

- көкжөтел – 300 еседен астам (1990 жылы 395 жағдайдан 2021 жылы бірлі-жарым жағдайға дейін (1 жағ.); 

- эпидемиялық паротит – 1000 еседен астам (1990 жылы 12194 жағдайдан 2021 жылы 8 жағдайға дейін);

- А вирустық гепатиті – 500 еседен астам (1990 жылы 73 962 жағдайдан 2021 жылы 147 жағдайға дейін);

- халық арасында "В" вирустық гепатиті 140 есеге азайды (1990 жылы 5287-ден 2021 жылы 37 жағдайға дейін).

Жекелеген жағдайларды тіркей отырып, сырқаттанушылықтың тұрақты төмен деңгейі сақталды:  

- полиомиелит – 1995 жылғы 7 жағдайдан 1996 жылдан бастап нөлге дейін;

- дифтерия – 1990 жылғы 28 жағдайдан 2009 жылдан бастап нөлге дейін;

- сіреспе – 1990 жылы 13 жағдайдан 2021 жылы нөлге дейін; 

- қызамық – 1990 жылы 24 396 жағдайдан 2021 жылы нөлге дейін.

Жұқпалы аурулар дәрігерлері, педиатрлар балалардағы В гепатиті клиникасын ұмыта бастағанын қуана атап өтуде, өйткені соңғы жылдары балаларда В гепатиті өте сирек кездеседі (2021 жылы 4 жағдай тіркелді, ал вакциналауға дейінгі кезеңде, яғни 1995 жылға дейін жыл сайын шамамен 1-2 мың жағдай тіркелді). Өйткені, бұл вирустық В гепатиті цирроз және бауыр қатерлі ісігі сияқты ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.

- Осы жерде антиденелердің пайдасы туралы айта кетсеңіз. Олар денеде қанша уақыт сақталады?

- Вакциналарды енгізуге алынған және аналық иммундық қорғаныстың ұзақтығы әр түрлі екенін атап өткен жөн. Аналық антиденелер денеде қысқа уақыт сақталады, дифтерияға қарсы 2-3 ай, қызылшаға қарсы 6 айға дейін, ал туберкулезге және "В" гепатитіне қарсы нәресте толығымен қорғалмаған болып туылады. Бұл ерекшеліктер вакциналау уақыты айқындалған кезде ескеріледі. Туберкулезге немесе "В" гепатитіне қарсы бала туудың алғашқы күндерінде, ал дифтерияға қарсы 2 немесе 3 айлық жаста вакциналануы кездейсоқ емес.

Бұл коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаға да қатысты. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, КВИ-ге қарсы егілгендерде 6-9 айдан кейін антиденелер деңгейінің төмендеуі байқалады, бұл кейіннен ревакцина алуды талап етеді.   

Айта кету керек, коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылықтың төмендеуінде бұл инфекцияға қарсы вакциналау үлкен рөл атқарады. КВИ-ге қарсы вакцинаның дамуы мен пайда болуы да осы инфекциямен күресте бетбұрыс болды. КВИ-ге қарсы вакциналауға дейін инфекцияның таралуын болдырмау үшін спецификалық емес (шектеуші) шаралар қолданылды, ал вакциналар қолжетімді болғаннан кейін халықты қорғау үшін нақты шаралар, яғни вакциналау қолданылады. 

Талдау көрсеткендей, КВИ-мен ауыратындардың 80%-ы вакциналанбаған немесе 6 ай бұрын егілген адамдар, бұл КВИ-ге қарсы вакциналаудың тиімділігін тағы бір рет дәлелдейді.

- Қазіргі уақытта халқымыз КВИ-ге қарсы вакциналаумен қаншалықты қамтылған? 

- Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында 10,5 млн-нан астам адам КВИ-ға қарсы вакцинаның екі дозасымен қамтылды, яғни жалпы халықтың 55%-дан астамы қамтылды. 

Бұл ретте, адамдардың басым көпшілігі КВИ-мен сырқаттанушылық бойынша эпидемиялық қолайсыздық кезеңінде, яғни 2021 жылы (8,6 млн-нан астам адам немесе барлық вакциналанғандардың 82%) вакциналау курсын алды.

КВИ-ге қарсы егілгендердің иммундық қорғанысының ұзақтығын ескере отырып, ұжымдық иммунитеттің қажетті деңгейін ұстап тұру және КВИ-дің жаңа штамдарының пайда болуы мен таралуын болдырмау үшін ревакциналаудың рөлі маңызды.

Осыған байланысты қазіргі уақытта 6 айдан астам уақыт бұрын толық вакциналау курсын аяқтаған адамдарды КВИ-ге қарсы ревакциналаумен қамтуға баса назар аударылуда.

Бүгінгі таңда 5,5 миллионнан астам адам алғашқы ревакцина алды.

- Қазіргі уақытта адамдар вакциналаудың сапасына әлі де күмәнмен қарайды. Бұл туралы не айта аласыз? 

- Вакциналау сау адамдарға жүргізілгендіктен, халық енгізілетін препараттардың қауіпсіздігіне алаңдайды. Бұл вакциналау арқылы алдын алатын инфекциялардың апатты салдары қазіргі уақытта іс жүзінде байқалмайтындығына байланысты және сәйкесінше қоғамның назары жанама әсерлерге аударылады. Бұл факті қоғамның вакциналаудың қауіптері мен артықшылықтарын қалай салыстыратындығына тікелей әсер етеді. 

Профилактикалық екпелерден бас тарту арқылы ата-аналар баланы инфекциялардан және оның зардаптарынан қорғау құқығынан айыруы мүмкін екенін есте ұстаған жөн.

- Нұршай ханым, әңгімеміздің соңында вакциналаудан бас тартудың салдары туралы айтып өтсеңіз. Бұл неге әкелуі мүмкін? 

- Вакциналаудағы үзілістер инфекцияға сезімтал адамдардың көбеюіне және үлкен өршулерге әкелуі мүмкін. Мұндай өршу елімізде 1995 жылы 1105 адам дифтериямен ауырған кезде орын алды, оның 66-сы қайтыс болды. 1995-1996 жылдары дифтерияның өршуін тоқтату үшін елімізде 3-60 жас аралығындағы халықты жаппай иммундау жүргізіліп, 10 млн-ға жуық адам егілді. 

Полиомиелит бойынша да осындай жағдай қалыптасты. Мәселен, Тәжікстанда полиомиелитке қарсы вакциналаумен қамту 47-50% құрады (ДДҰ ұсынған жағдайда кемінде 95%). Бұл 2010 жылы полиомиелиттің үлкен өршуіне әкелді, 500-ге жуық жағдай тіркелді, олардың 29-ы қайтыс болды. Эпидемияны полиомиелитке қарсы бес рет иммундау науқанын жүргізу арқылы ғана тоқтатуға болады.

2005 жылы Қазақстанда бұрын осы инфекцияға қарсы егілмеген жасөспірімдер мен ересектер арасында соңғы 20 жылдағы ең ірі қызылша ауруы (16 мыңнан астам жағдай) тіркелді. Қызылшаның бұл өршуі де халықты жаппай иммундау арқылы тоқтатылды.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы