Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады. Ведомство басшысы коронавирус инфекциясымен күресудің ең тиімді жолы – вакцина салдыру екендігін атап өтті.
Оның айтуынша, елімізде бүгінде вакцинация қарқынды жүріп жатыр.
Бүгінгі таңда екпенің бірінші компонентін 5,9 млн адам алған. Бұл вакцина алуы тиіс халықтың 59%-ына тең. Ал екінші компонентпен 4,5 млн адам егілген. Яғни тиісті халықтың 45,2%-ын қамтыған, - деді Денсаулық сақтау министрі.
Сондай-ақ ведомство басшысы вакцинаның бірінші дозасы салдыру көрсеткіші төмен аймақты атады. Ол 33,1% көрсеткішпен Маңғыстау облысына тиесілі болып отыр. Аймақтар вакцинамен жеткілікті мөлшерде қамтылған көрінеді. Вакцинаны жеткізу де кестеге сай жүзеге асырылып отыр.
Вакцинаның тиімділігін анықтау барысында аурушаңдықтың 99,9%-ы вакцина салдырмағандарға тиесілі екендігі анықталды. Осы орайда вакцинадан соң ауырғандардың үлесі небәрі 0,1%-ды құрады, - деп атап өтті министр.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі елдегі эпидемиологиялық ахуал күрделенген жағдайда қанша төсек-орын қоры бар екендігі туралы айтқан болатын. Сонымен қатар Қазақстанда соңғы апта ішінде коронавирус инфекциясына шалдығу 10%-ға артқандығын алға тартты.