Ұжымдық иммунитет қалыптастырсақ, дәрігерлерімізге деген қамқорлығымыз сол болады – Көлгінов

19 Маусым 2021, 18:48
3437
Бөлісу:
Ұжымдық иммунитет қалыптастырсақ, дәрігерлерімізге деген қамқорлығымыз сол болады – Көлгінов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімі Алтай Көлгінов Медицина қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында ақ халатты абзал жандарды мерекелерімен құттықтағанын айтып, дәрігерлердің ерен еңбегіне тоқталды. 

Бұл туралы ол өзінің instagram парақшасында жазды. 

Медицина қызметкерлері барлық заманда батыр болды, қазір де қаһармандар болып қала береді. Олар мыңдаған адамның жанын арашалап, сансыз сағатын кезекшілікте өткізді, әр пациент үшін күресті. Әр пациенттің науқасы үшін жүректерін ауыртты. Медицина қызметкерлері қазіргі өздері үшін қиын кезеңде үнемі жанымызда болып, қамқорлық көрсетеді. Медицина қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында ақ халатты абзал жандарды мерекелерімен құттықтадым. Сондай-ақ оларға «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медалін, алғыс хаттар табыстадым. Олардың әрқайсысы құрметке және алғысқа толы жылы сөздерге лайық, - деп жазды ол. 

Ол медицина қызметкерлерінің иығына түскен ауыр жүкті ешкім ұмытпағанын атап өтті.

Олар тәуліктер бойы туғандарын көрмей, оқшауланып өмір сүрді, бетпердені сағаттап шешпегендіктен, келбеттерінде соның ізі білінетін. Осындай жағдайдың қайталанбауы бәріміз үшін маңызды. Пандемия жағдайынан жылдам шығуына әрқайсымыз жауаптымыз. Медицина қызметкерлеріне қаншалықты жүк түсетіні бізге байланысты. Вакциналау есебінен ұжымдық иммунитет қалыптастырып, санитарлық нормаларды сақтасақ, бұл біздің дәрігерлерімізге деген қамқорлығымыз болады, - деді ол.

Оның айтуынша, мемлекет басшылығы медицина қызметкерлерін қолдауға айрықша көңіл бөледі. 

Президенттің тапсырмасымен денсаулық сақтау саласын дамытуды жалғастырамыз: медицина мекемелерін қосымша қондырғылармен жабдықтаймыз, жаңа емханалар мен ауруханаларды салып, жөндеу жұмыстарын жүргіземіз, кезең-кезеңімен жалақыны өсіреміз, медицина қызметкерлеріне сыйақыны үзбейміз, олардың мәртебесін көтереміз, - деді әкім.

Өзгелердің жаңалығы