Ұтсаң – мақтайды, ұтылсаң – даттайды. Сметов отбасы, мансап пен жанкүйерлер туралы баяндады

7 Тамыз 2021, 10:10
8947
Бөлісу:
Ұтсаң – мақтайды, ұтылсаң – даттайды. Сметов отбасы, мансап пен жанкүйерлер туралы баяндады
Фото: BAQ.KZ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстандық дзюдошы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Рио де Жанейро мен Токиода өткен Олимпиаданың күміс және қола жүлдегері Елдос Сметовпен әңгімелескен едік. Спортшы отбасылық өмірі мен спорт мансабындағы жоспарларымен бөлісті.

Отбасы және спорт

Токио олимпиадасынан оралған жүлдегер спортшы жоспарының бірі денсаулығын ретке келтіру екенін жасырмады.

Қазіргі жоспар солай болып тұр. Біраз емделуім керек. Одан кейін қалпына келіп жатса, жаттығуда кедергі келтірмесе, одан әрі күресті жалғастырамыз, - деді Сметов.

Сметов елімізде талантты спортшылар, оның ішінде дзюдошылар бар екенін айтты.

Еліміздің Әнұранын ойнататын спортшылар өте көп. Әсіресе, менің салмағымда (60 келі) баршылық. 66 келіде де бар. Әр салмақта «мен» деген жігіттер бар. Ол жігіттердің болашақтары жарқын. Олар әлемді мойындата алатынына сенемін. Себебі қазақ деген мықты халық қой. Біз өзіміздің мықтылығымызды қатты бағалай алмаймыз. Әйтпесе, біздің қанымыз таза, рухымыз мықты, намысты, қайсар мінезді жігіттер өте көп. Елі мен көк Туы үшін, елі мен абыройы үшін күресетін ер азаматтар өте көп. Спортшы ешқашан «ұтыламын» деп бармайды. Барлығы «жеңемін» деп барады, - деді Елдос Сметов.

Осыған дейін спортшының Instagram әлеуметтік желісінде ұлымен түскен видеосы жұрттың ықыласына бөлінген еді.

Ол видео хайп болса екен, елдің бәріне қызық болса екен деген мақсатта түсірілген жоқ. Мен оның түсіріліп жатқанынан хабарсыз болдым. Таңертең балаларымды балабақшаға тұрғызып, еркелетіп «қазір оқу-жаттығу жиынына кетем, барып келейін балам» дегенімді келіншегім түсіріп алып, «сторизына» салыпты. Оған адамдар шығып, осының толық видеосын жіберіңізші депті. Мен оқу-жаттығу жиынына барам дегенше, біреулер «керемет видео шықты» деп хабарласып кетті, - деді Елдос Сметов.

Спортшы атағандай, ол видеода әке мен бала арасындағы мейірімділік пен махаббат дәріптелген.

Барлық қазақстандыққа үлкен әсер берген видео болды. Қазір негатив өте көп. Жақсы нәрсе шықпай кетті. Бір-бірін даттап жатқан дүниелер көбейіп кетті. Ондай әрекеттер азайса, жақсы болатын еді, - деді ол.

Сметовтың оқу-жаттығу жиындары қанша уақытқа созылатынын айтты.

Екі аптаға кетіп, 3 күн үйде боламыз. Қайтадан 2 аптаға кетіп жататын кездер болады. Мысалы, олимпиаданың алдында үйімізден 1 айға кетіп қалдық. Бала-шағамызды бір ай көрмедік, - деді Сметов.

Арман мен мақсат

Спортшы өзінің ең үлкен арманын айтты.

Мұсылман адамның арманы - жәннаттық болу. Бұл өмірдегінің барлығы мақсат. Сол мақсаттарға жету керек. Бұл өмірдегі ең үлкен мақсатым – Олимпиаданың алтыны еді. Өкінішке қарай, күміс пен қола болып қалды. Бірақ мен бұл нәрселерге өкінбеймін. Алда жоспарлар бар. Нақты емес, әрине. Қазір менің ата-анам көріп жатқан өмірді, мен де өз балаларымнан көрсем деймін. Мен үшін содан асқан бақыт жоқ бұл өмірде, - деді Елдос Сметов.

Спортшы халықтың қолдауы болғандықтан, өзін батыр сезінетінін де жасырмады.

Әрине, өзімді батыр сезінемін. Елім үшін, елімнің абыройы мен көк Туды желбірету үшін тырысып жүрміз. Мысалы, ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен жерін қорғау үшін соғысқа аттанған. Қазір біз егеменді ел болдық. Ата-бабамыз мирас етіп қалдырған жеріндеміз. Қазіргі соғыс - спортта үлкен жетістіктерге жету. Елімізді танытып, атын шығару. Сондықтан спортшылар - қазіргі таңның батырлары. Мен де өзімді батырмын деп ойлаймын. Себебі Әлем біріншілігі мен Олимпиада ойындарында Туымызды желбіреттік, - деді ол.

Оның айтуынша, көрермені көп футболдан кейін жанкүйері басым дзюдо тұр.

Шетелдік кез келген дзюдо сүйер қауымнан «Сметов Елдос кім?» деп сұрасаң барлығы таниды. Сондықтан мен қазақтың кім екенін көрсеткеніме өте қуаныштымын, - деді Сметов.

Бақ пен бап

Дзюдошы айтқандай, жетістікке жету үшін әр адам өз ісін жақсы көруі керек.

Бірлік те болу керек. Азия құрлықтарында біз командалық есепте финалда отырамыз. Бұл үлкен жетістік. Себебі Азия құрлығына дзюдо дамыған кіл мықты елдер кіреді. Мысалы, Жапония, Корея, Моңғолия, Өзбекстан елдерінің спортшылары қазір мықты. Қазақстандықтардың да әлеуеті өте жоғары, - деді Елдос Сметов.

Олимпиада жүлдегерінің айтуынша, дзюдода бұрын да мықты спортшылар болды. Бірақ осындай нәтиже болмаған.

Мықты спортшылар өте көп болды. Менің салмағымда Базарбек Домбай, Саламат Отарбаев деген ағаларымыз болды. Олар Олимпиада ойындарында топ жармаса да, күрестері мықты болды. Олар дзюдо енді дамып келе жатқан ең қиын кезеңдегі спортшылар болды. Асхат Житкеев дзюдодан Олимпиада ойындарының тұңғыш жүлдегері. Қазір дзюдоның даму қарқыны өте мықты, - деді Сметов.

Намыс пен қамыс

Спортшы әңгімесінің соңында халыққа қолдау көрсеткені үшін алғысын жеткізді.

Менің үшінші орнымды алтынға балап жатқан халқыма алғысым шексіз. Олардың көңілдерінен шығып, сенімін ақтағаныма өте қуаныштымын. Қазір Олимпиада жалғасып жатыр. Бауырларымыз әлі бақ сынасып жатыр. Еліміздің Әнұранын ойнатады деп сенеміз. Қазір әлемді індет жаулап жатқан кез. Осындай кезде жаттығу жасап, Олимпиадаға рұқсат алудың өзі үлкен ерлік. Ұтсаң - мақтап, ұтылсаң - даттап жатады. Ұтылған балуандарды даттамай, сағын сындырмай, керісінше қанаттандырып әрі қарай ұмтылуына ынталандыру керек. Жеті рет құласаң да, сегізінші рет тұрып жүруге хақың бар дейді ғой. Қанша құласа да, әр спортшының тұрып жүруіне хақысы бар. Сондықтан олардың сағын сындырудан пайда жоқ. Оларға сенім ұялатып, қолдаса, ғана ерік-жігер оянады. Сол үшін халықтың сенімі мен қолдауы керек, - деді Елдос Сметов.

Оның айтуынша, онсыз да мойнына үлкен жауапкершілік алып, ел намысын арқалаған спортшылар сүрінген кезде, одан әрі сындырудың қажеті жоқ.

Сүрінген адамды тұрғызып, одан әрі қолдау көрсетсе, ол мінезін қайрайды, шыңдалады. Келесіде жеңімпаз болуға тырысады, - деді ол.

Сметов Токио Олипиадасының көрерменсіз өтуі өзіне қалай әсер еткенін жеткізді.

Дзюдо - көрермені көп спорттың түрі. Күресу кезінде спортшының әдемі әдістерін көрермен қолпаштап отыратын еді. Біз де көрерменнің қолдауына үйреніп қалған едік. Токио Олипиадасында көрерменнің болмауы зиянын тигізді деп те айтуға болады. Дегенмен теледидар әр жағында халқымыздың қолдауы мен лебізі бар екенін білдік, сездік. Сол арқылы намызымызды қамшылап отырдық, - деді Елдос Сметов.

Токио Олимпиадасында Сметов қола медальға таласта Торнике Цьякадоеаны жеңгенін айта кетейік. Осылайша, ол Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы Олимпиада медалін салған еді.

Өзгелердің жаңалығы