Ұстаздықты ұлттық тәттіге ауыстырған кәсіпкер

14 Қараша 2024, 15:30
2594
Бөлісу:
Ұстаздықты ұлттық тәттіге ауыстырған кәсіпкер
PHOTO
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

10 жылдай жоғары оқу орнында оқытушы қызметін атқарған Гүлнұр Кәкімбек бүгінгі таңда жеке кәсіпкер. Ол бұл салаға пандемия кезінде бет бұрып, жаңа салаға ауысқан. BAQ.KZ тілшісі кәсіптің қиындығы мен қызығы туралы еңбек адамымен әңгімелесті.

BAQ.KZ: Бір саладан екінші салаға ауысуыңызға не түрткі болды? Жалпы, қалай басталды?

Гүлнұр Кәкімбек: Өзім әлеуметтік ғылымдар магистрімін, әрі 10 жылдай жоғары оқу орнында аға оқытушы қызметінде жұмыс істедім. 2021 жылдан бастап бала күтіміне байланысты демалыстамын. Көпбалалы анамын. 2022 жылдан бері кәсіпкерлік саласына бет бұрып, ұлттық тәттілер өндірісімен айналыса бастадым. Бұл кәсіп отбасы, ошақ қасынан басталды. Балаларыма дайындап жүрген жент, ірімшікті әлеуметтік желіге қойғанда, бірден басқалардың қызығушылығын тудырды. Себебі осыдан 4-5 жыл бұрын Қостанай нарығында бұндай өнімдер жоқтың қасы еді. Сөйтіп, сұранысқа ұсыныс жасап, кәсіпке айналдырдым. 

Ұстаздықты ұлттық тәттіге ауыстырған кәсіпкер

BAQ.KZ: Ұлттық брендті Қостанай секілді қалада дамытып жатырсыз. Басында қандай қиындықтар болды? Қолдау күткен кезіңіз болды ма?

Гүлнұр Кәкімбек: Әрине, кез келген бизнесті бастағанда үрей болады. Оған қоса, қаланың өзінде ұлттық тәттілерді ешкім біле бермейді, дәмін көрмеген өнімді қалай кеңінен таратамын деген де ой болды. Дегенмен, дүкенге қазақи бұрыш жасап, оның қалай дайындалатынын, нендей пайдасы бар екенін көрсетіп, насихаттадық.

Бұл бизнесті бастағанда жақындарым қолдады. Жөндеу жұмысынан бастап, жарнама жасау, өндіру, сату, жеткізу сатыларында да жолдасым мен туыстарымның көмегі зор болды. Кез келген уақытта арқа сүйер жандардың болғаны  үлкен тірек. 

Ұстаздықты ұлттық тәттіге ауыстырған кәсіпкер

BAQ.KZ: Өніміңіздің ерекше екенін қалай байқадыңыз?

Гүлнұр Кәкімбек: Ерекшелік  қазақылығымызда. Анамның бала кезімізде сүт және талқаннан дайындаған тәттілерін заманауи кейіпке ендіріп, әсемдедім. Жаңаша қорапқа салып, қазіргі заман балаларына ұнайтын түрде ұсынып, түсіндіре бастадық. Шетелдің түрлі сусынын ішіп, шоколадын жеп өскен балаға, қымыз бен құрт, жент пен ірімшік ұсынғанда бірден жей салуы екіталай. Сондықтан қазіргі ұрпаққа жеткізудің түрлі тәсілдерін ойластырып, дәстүріміздің ауылда қалып қоймауына атсалысып жүрмін. Қалада туған баланың жазда қыдырып барар ата-әжесі болмауы мүмкін. Сүт сатып алып, одан айран ұйытып, ірімшік қайнатып беруге анасының уақыты жете бермейді. Сондықтан біз жеп өскен тәттінің дәмі біздің ұрпақпен жалғасқанын қалаймын. 

Ұстаздықты ұлттық тәттіге ауыстырған кәсіпкер

BAQ.KZ: Қандай тәтті түрлерін шығарасыздар? Қазіргі таңда өңірдің қанша елді мекеніне жеткізіп отырсыздар?

Гүлнұр Кәкімбек: Әрине, сүт пен дақылдардан дайындалатын қазақтың тәттілері өте көп. Соның ішінде женттің орны бөлек. Қыста да, жазда да нәрін жоғалтпай, кез келген температурада бұзылмай сақталады. Талқанның өзі баланың ағзасын қаншама дәруменмен толықтырады, қан аздығының алдын алып, күш-қуат береді. Тойымды әрі пайдалы таңғы ас ретінде де қолдансақ, күні бойы тоқ жүреді. Сол себепті де ең алдымен, дәл осы женттің бірнеше түрін дайындаймыз. Одан қалды, ірімшік, құрттың түрлері бар. 4-5 жылдың көлемінде Қостанайдың барлық аудандары біздің өнімге үйренді. Өз дүкендеріне қойып, сатылымға дейін ұласып жатыр.

Ұстаздықты ұлттық тәттіге ауыстырған кәсіпкер

BAQ.KZ: Тәттілерді жасау үшін қандай әдістерді немесе ингредиенттерді қолданасыз? Қандай да бір құпияңыз бар ма?

Гүлнұр Кәкімбек: Ешқандай құпия жоқ. Анамның рецептімен, дәстүрлі әдіспен жасаймыз. Тек заманға сай түрі мен формасын, қосымша дәндеуіштерін ойластырып, жаңаша кейіп енгізіп отырамын. Әр өзгеріс сайын адамдардың қызығушылығы арта түседі. Жалпы, кондитерлік оқу оқыған емеспін, фантазиямды қосамын. Алдымен өзім дайындап, дәмін үйлестіріп көремін. 

Ұстаздықты ұлттық тәттіге ауыстырған кәсіпкер

BAQ.KZ: Елімізде кәсіпкерлерді қолдайтын бірқатар шара бар. Сіз мемлекеттік жобаларға қатыстыңыз ба? Көмек болды ма?

Гүлнұр Кәкімбек: Бизнеске келгенде мемлекеттік қолдау жайлы хабарым болмады. Кәсібімді отбасылық қаражатпен бастадым. Қызығушылығым болмағаннан болар, жүгінбеген едім. Дегенмен, кәсіпкерліктің қыр-сырын түсіну үшін осы салада білім қажет болды. Алдымен “Атамекен” ҰКП ұсынған семинарлары мен курстарына қатыстым. Соның нәтижесінде мемлекеттен берілетін қайтарымсыз 5 млн теңге грантын иелендім. Биыл халықаралық Лондон империал колледжі бизнес мектебінің 6 айлық курсына көпбалалы ана ретінде грант ұтып алып, оқып шықтым. Диплом алып, кәсіби бизнес маманы атандым. 

Қазіргі таңда іскер әйелдер кеңесінің құрамындамын. Осы уақытқа дейін бизнес саласында білім алып, түрлі республикалық, облыстық көрмелер мен жәрмеңкелерге қатысып келдім. Қазақстанның үздік тауары конкурсының жеңімпазы, “Бір ауыл – бір өнім” жобасының финалисі атанып, елордадағы бірнеше көрменің қатысушысы болдым. Президент алдында да өнімімді таныстырып, жақсы бағаға ие болдық. Ендігі кезекте тәжірибе бөлісу мақсатында көптеген форумдарға спикер ретінде шақырту алып жүрмін. Биыл дүниежүзілік көшпенділер ойынында ұлттық өнімімізді ұсындым. Ол жерге жолдама алу да оңай дүние емес. Талапқа сай құжаттар, өнімдерге еуразиялық сәйкестік сертификаты болуы қажет. 89 мемлекеттен келген қонақтар мен туристерге өнім ұсындық. 

Ұстаздықты ұлттық тәттіге ауыстырған кәсіпкер

BAQ.KZ: Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы