Ұшақ, егемен, мәтін, құрылтай: түрік тектес елдер бір-бірінен сөз ала ма?

Бөлісу:
Ұшақ, егемен, мәтін, құрылтай: түрік тектес елдер бір-бірінен сөз ала ма?
PHOTO
Фото: автордан

Ортақ терминологиялық қорды құру және тіларалық байланыстарды нығайту – бұл түркі халықтарының бірлігін нығайтудың негізгі қадамдарының бірі. Қазіргі терминтануда айрықша мән беруді қажет ететін ең маңызды мәселенің бірі – түрік текті халықтардың терминологиясы. Қазіргі заманда ұлт тілдерінің сөздік қорын байытып жатқан жаңа сөздердің 80%-дан астамы терминдер болғандықтан, келешекте туысқан тілдердің арасының жақындай түсуі де, бір-бірінен алшақтап кетуі де терминге тәуелді болып отыр. Сол себепті түркі терминологиясын тіларалық біріздендіру және терминжасам, терминалмасым мәселелерін кешеуілдетпей шешуді күн тәртібіне шығару өзекті саналады.

Осы мәселе аясында белгілі терминтанушы ғалым Шерубай Құрманбайұлы жетекшілік ететін ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті ұсынған «Алаш қайраткерлері және ХХ ғасыр басындағы қазақ әдеби тілінің тарихы» атты гранттық жоба аясында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғалымдары Түркияның Эгей университетінде болды. ҚазҰПУ-ға қарасты Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығының ғылыми қызметкерлері Эгей университетінің Түркі әлемі зерттеулері институтында ұйымдастырылған «Түркі әлеміндегі ортақ термин мәселелері» тақырыбындағы ғылыми жиынға қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұшақ, егемен, мәтін, құрылтай: түрік тектес елдер бір-бірінен сөз ала ма?

Дөңгелек үстел барысында академик Шерубай Құрманбайұлы ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлері мен Ататүрк дәуіріндегі терминжасамның дамуына тоқталды. Сонымен қатар, қазіргі тәуелсіз түркі елдері арасындағы ортақ термин мәселесін талқылап, бұл саладағы қиындықтар мен болашақтағы ынтымақтастық мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды.

Түрік текті халықтар терминжасам үдерісінде, өз терминқорын қалыптастыру кезінде, тілішілік біріздендіру барысында өзге түрік жұрттарының тілінде қай терминнің қалай жасалғанына назар аударып, олардың да тәжірибесін ескеріп отырса, онда ортақ терминдеріміз молайып, тіларалық біріздендіруге берік негіз қалана береді, - деді академик.

Шерубай Құрманбайұлы ортақ терминология ісінің бастапқыда Алаш дәуірінде сәтті басталғанын, бірақ уақыт өте келе кедергілерге тап болып, қазіргі кезде мәселенің одан да шиеленіскенін назарға алды. Түркі халықтары арасында сөз алмасу мәселесінің шешілуі үшін бірлескен қадамдар қажет екендігін атап, бұл бағыттағы ғылыми ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Ұшақ, егемен, мәтін, құрылтай: түрік тектес елдер бір-бірінен сөз ала ма?

Түрік текті тілдер арасындағы терминалмасым ісі ХХ ғасыр басында Алаш қайраткерлері тарапынан, одан кейін Ататүрк қайта құрған Түрік республикасында көтерілгенімен кейін шындап қолға алынып, жүйелі түрде жүргізілген емес. Кеңестік кезеңде оған жол берілген жоқ. Түрік халықтары тәуелсіздігін жариялап дербес ел болғаннан кейін де өзара келісіп, кеңесіп бұл істі қолға ала қоймады. Себебі бұл іске мұрындық болып, оның жүзеге асу тетіктерін жасап, үйлестіріп отырған мемлекеттік орган да, халықаралық ұйым да, ғылыми мекеме де, арнаулы немесе жеке құрылым да жоқ. Сол себепті туыстас тілдердің арасындағы терминалмасым үлесі тым аз, мардымсыз, - деп түсіндірді терминтанушы ғалым.

Егер екі тіл алдағы уақытта да терминқор қалыптастырудағы осы бағыттарын ұстанып, осы қарқынмен тағы 30 жылды артқа тастаса, қыпшақ пен оғыз немесе қарлұқты былай алғанда қазақ пен қырғыздың бір-бірін еркін түсінуден қалып, олардың кәсіби қарым-қатынасы қиындап кетері сөзсіз.

Қырғыз тілі «белок, протеин, камбий, клетка, мочевина, нектар, орган, система, ткань» сияқты совет кезіндегі орыс тілінен енген көптеген терминдерді сол қалпында сақтап қалған. Ал қазақ тілінде бұл терминдердің «нәруыз, түзуші ұлпа, жасуша, несепзәр, шірне, мүше, жүйе, ұлпа» сынды баламалары жасалып, қолданысқа енді, - деді Шерубай Құрманбайұлы.

Ұшақ, егемен, мәтін, құрылтай: түрік тектес елдер бір-бірінен сөз ала ма?

Сондай-ақ қырғыз тілінде полиграфия, проспект, юбилей, юрист, протокол, процент, финансист, доклад, документ, заказ тәрізді орысша нұсқалары әлі де қолданылып жатса, қазақ тілінде баспахана, даңғыл, мерейтой, заңгер, хаттама, пайыз, қаржыгер, құжат, тапсырыс секілді жаңа терминдер жасалған.

Түркі әлемінің бірлігін нығайту үшін терминологияны біріздендіру, терминжасам және терминалмасым мәселелерін шешу өте маңызды. Бұл үшін түркі тілдерінің ғалымдары мен мемлекеттері бірлесіп жұмыс істеуі қажет деп терминтанушы ескертеді.

Түркі тілдерінің бір-бірінен алған немесе бір-біріне берген терминдері «ұшақ, егемен, мәтін, құрылтай, дөнер, хауыз, хамам» секілді сауда-саттық, іскери байланыстар кезінде тілден-тілге алмасқан атаулар ғана. Туыстас тілдер арасындағы өзара терминалмасым үдерісі бұлай кездейсоқ жүзеге асатын іс емес. Терминалмасым белгілі бір қағидаттарды басшылыққа ала отырып ғылыми негізделіп, кәсіби түрде жүргізуді қажет ететін терминологиялық жұмыстардың бірі. Бұл терминалмасым үдерісі мемлекеттер, тілдер арасындағы ғылыми-мәдени, саяси-экономиалық байланыстарға тәуелді және терминжасам мен терминологияны тіларалық біріздендіру жұмыстарын бірлесіп атқарғанда ғана жүзеге асатын, соған тікелей қатысты терминологиялық жұмыс екенін ескерген орынды. Сондықтан осы үдеріс ғылыми негізде жүргізіліп, мемлекетаралық деңгейде ұйымдастырылуы тиіс. Терминалмасым үдерісін нығайту үшін түркі тілдерінің ортақ терминологиялық қорын құру қажет, - дейді ғалым.

Ұшақ, егемен, мәтін, құрылтай: түрік тектес елдер бір-бірінен сөз ала ма?

Ғылыми жиынға Эгей университетінің тіл, тарих, әдебиет және фольклор бөлімдерінің оқытушылары мен зерттеушілері қатысты. Ал іс-шараны Түркі әлемі зерттеулері институты Түркі тілдері бөлімі (Измир, Түркия) ұйымдастырды.

Эгей университеті Түркі әлемі зерттеулері институтының профессоры, түркі тілдері бөлімінің меңгерушісі Ибраһим Шаһин «Ортақ терминология түркі халықтары арасында білім, ғылым және технология салаларындағы тілдік кедергілерді жоюға мүмкіндік береді дей келе, ортақ сөздің барлығын бабалар мұрасынан, түркі елдеріне ортақ көне жазба ескерткіштерінен алу керектігін ұсынды.

Бүгінгі күні түркі халықтарының әрқайсысы терминологиясын өз тілінің мүмкіндіктері шеңберінде әртүрлі әдістермен шешуде. Бұл жағдай түркі тілдерін бір-бірінен күн сайын алыстатуда. Бірақ мұнын шешімі бар, түркі халықтары әлемнің басқа тілдер тобы сияқты (мысалы европалықтар термин үшін көне латыншаға жүгінеді) ортақ терминология жасай алады. Ол үшін ең алдымен Түркі мемлекеттері ұйымының құрамында ортақ Терминологиялық комитет құрылуы керек. Бұл комитет VI-XIII ғасырлардағы көне түркі жазба мұраларындағы сөздер мен жалғауларды пайдаланып, терминдер жасай алады. Жасалған терминологияны Ғылым және Білім министрліктері арқылы жоғары оқу орындарында ашылатын терминология курстары арқылы тез арада тілге енгізуге болады. Осылайша түркі тілдері арасындағы ортақ лексикалық қорды көбейтуге болады, - деді Ибраһим Шаһин.

Расында әлемнің неміс, ағылшын, араб, қытай тілдерінің терминологиясын қадағалап отыратын арнайы ұйымдар бар. Олар сөзді көне тілдерден, латыншадан, Құраннан немесе көне қытай тілінен алып, терминдегі бірізділікті сақтауға барын салады. Ал түркі елдерінде қаншама ұйымдар бар бола тұрып, осындай маңызды кеңестің болмағаны ойландырады.

Эгей университетінің ғалымдары терминалмасым әзербайжан мен түрік тілдерінде ғана белгілі бір мөлшерде ғана жүзеге асып, ал Орта Азия түркі халықтарында бұның мүлдем жүргізілмей жатқанына алаңдаушылық білдірді. Шынымен, іргелес отырған қазақ пен қырғыз терминжасам үдерісінде біріне көп қарайлай бермейтінін аңғартады. Қазақ тілінен өткен дәрігер, аялдама, дәріхана, балмұздақ, т.б. сөздерінен басқа терминдердің бір-бірінен алып жатқаны байқала бермейді. Терминолог ғалым Ш.Құрманбайұлы қазақ тіліндегі терминдердің анағұрлым сәтті жасалып, бұдан үлгі ретінде алуға болатынын ескереді.

Қырғыз тіліндегі «кысыр аңыз, гүл коргону» деген сипаттамалы атаулардан гөрі қазақ тіліндегі «жатынжер, гүлсерік» терминдері ұтымдырақ жасалған. Сол сияқты қырғыз ағайындар «дольщик – пайчы», «морг – өлүккана» деп алыпты. Ал бізде бұл терминдер «үлескер, мәйітхана» түрінде қолданысқа енді. Бұларды да келісіп, бір нұсқасын алуға болар еді деп ойлаймыз, - деді ол.

Тек қазақ тілінен емес, қырғыз тіліндегі де сәтті терминдерді бізге алуға болады. Мәселен, мәйітхана дегендегі мәйіт кірме сөз болса, қырғыз тіліндегі өлүк түркі сөзі, сондықтан төл сөзді нұсқасын таңдауға болады немесе пайчы дегендегі пай кірме сөз болса, қазақ тіліндегі үлес көне түркіден келе жатқан өз сөзімізге жатады.

Қазақ пен қырғыз тілдерінде бірдей немесе аздаған өзгешелікпен ғана қолданылатын сөздер де жоқ емес, бауырлас елдің терминологтарының кезіндегі ортақ шешімге келген нұсқалары я болмаса екі тілдегі өз жолымен жасалған ортақ терминдері бар.

Анализ – талдоо (қыр.), талдау (қаз.), железа – без (қаз., қыр), заросток – өсүндү (қыр.), өскін (қаз), пестик – энелик (қыр.), аналық (қаз.), побег – өркүн (қыр.), өскін (қаз), рассада – көчөт (қыр.), көшет (қаз.), трахея – кекиртек (қыр.), кеңірдек (қаз.), т.б.

Академик ғалым Анадолы түріктерінен сөз алып немесе олардың біздегі сәтті терминдерді ала алатынын жеткізді.

Біздегі «таныстырылым» көп буынды сөзі түрік тілінде танытым деп қысқа ғана тұлғада алынған, егер түрік елдерінің термин комитеті бұл істі бұрыннан үйлестіріп жатқан болса, біздің лингвистер жаңа терминдердің нұсқалары ұсынылып жатқанда түрікше шағын нұсқасын қабылдайтын еді, өйткені жалғамалы тілге терминдердің анағұрлым шағын, қысқа болғаны жақсы, - деді Ш.Құрманбайұлы.

Іс-шара ортақ терминтану бойынша зерттеулерді тереңдетуге және түркі халықтары арасындағы термин мәселесінің шешілуіне алғышарт болды. Ғалымдар аталған мәселенің мемлекетаралық деңгейде шешілуі үшін түркі әлеміндегі беделді халықаралық және мемлекеттік ұйымдарға жүгіну керектігін тілге тиек етіп, ілгеріде ұсыныстарын жіберетіні туралы уағдаласты.

Ғылыми іс-шара түркі әлеміндегі ортақ термин мәселелерін шешуге бағытталған бірлескен күш-жігердің маңыздылығын көрсетіп, болашақтағы ғылыми жобалар мен зерттеулер үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына сеніміміз мол.

Шынымен, жуық арада тіларалық біріздендіру жүргізіліп, өзара терминалмасым жолға қойылмаса, бара-бара мұндай терминдердің үлесі мүлдем азайып, керісінше өзгеше терминдер қатары артып, алшақтық ұлғая берері анық, сондықтан мұның шешімі ертерек табылуы қажет деп есептейміз.

Өзгелердің жаңалығы