Ұшақ апаты. Тірі қалғандардың жағдайы туралы айтылды

13 Наурыз 2021, 21:15
2682
Бөлісу:
Ұшақ апаты. Тірі қалғандардың жағдайы туралы айтылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда дәрігерлер ұшақ апатынан жапа шеккен екі адамның денсаулығы жайлы айтты.

ҚазАқпарат ХАА-ның хабарлауынша, оқиға орнында Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының жедел жәрдемнің 10 реанимациялық бригадасы жұмыс істеп жатыр. 

Зардап шеккен адамның бірі 33 жастағы ер адамның сол жақ саны ашық сынған, жабық ми жарақатын алған. 25 жастағы жігіт ми жарақатын алған, қол саусақтары сынған. Сонымен қатар, 2-3 дәрежелі күйік алған. Қазір олар Алматыдағы 4 аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайлары өте ауыр. Дәрігерлер зардап шеккендердің өмірін құтқару үшін бар күшін салуда. Барлық кадрлар, соның ішінде қаланың бас реаниматологы жұмылдырылды,- деді басқармадан.

Айта кетейік, Қазақстанның Тұңғыш Президенті АН-26 әскери ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы маңайында құлаған әскери ұшақта қаза болған әскери қызметкерлердің туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Сондай-ақ, Президент тапсырмасы бойынша әуе апатының себептерін анықтау жұмыстары басталды.

Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаев ұшақ апаты болған жерге барып, апатынан зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетуді тапсырды.

Еске сала кетейік, бүгін Нұр-Сұлтан-Алматы бағытында ұшып келе жатқан АН-26 әскери ұшағы сағат 17.22-де радардан жоғалып, қала әуежайына шұғыл қонды. Бортта болған төрт азамат қаза тапты, екеуі түрлі жарақаттармен Алматы қаласының №4 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілді.

Қазіргі уақытта ұшақ апатының себептері анықталып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы