Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда Bek Air ұшағы апатқа ұшыраған кезде денесімен аяғы ауыр әйелді жауып қалған жігіт марапатталды. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті хабарлады.
23 жастағы Темірлан Қадауовқа бүгін арнайы медаль табыс етті.
Алматы полиция департаментінің басшысы генерал-майор Серік Күдебаев оның кеудесіне "Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін" медалін тақты.
Ол төтенше жағдайда ерлік көрсетіп, денесімен қасында отырған аяғы ауыр әйелді жауып қалды. Сонымен қатар, ол алған жарақаттарына қарамастан жедел қызмет өкілдері келгенше басқа жолаушыларға көмектесті. Темірлан Қадауов бұл наградаға лайық. Бірінші кезекте, бұл - халықтың атынан айтылған алғыс, - деді департамент өкілі.
Естеріңізге сала кетейік, 27 желтоқсанда Алматы-Нұр-Сұлтан бағытындағы Bek Air жолаушылар ұшағы құлады. Ұшақ Қызыл ту ауылында екіқабатты ғимаратқа соғылып апатқа ұшырады.
Кейіннен, зардап шеккендер мен бортта болған жолаушылардың толық тізімі жарияланды.
Мемлекет басшысы ұшақ апатынан қаза болғандардың отбасына көңіл айтты.
Ауруханада тағы бір адам көз жұмып, қаза тапқандардың саны 15 адамға жетті.
Болған жағдайға байланысты Bek Аir авиакомпаниясының лицензиясы тоқтатылды.
Сондай-ақ, мемлекет басшысының бұйрығымен 28 желтоқсан еліміз бойынша қаралы күн деп жарияланды.
Бұдан бөлек, ұшақ бортындағы экипаждың есімдері белгілі болды.
Fokker компаниясы Bek Air ұшағының құлау себептерін анықтау мақсатында Алматыға мамандарды жіберетінін айтты.
ҚР ІІМ арнайы тексеру жүргізіп жатқандығын хабарлады. Үкімет басшысы Асқар Мамин де ұшақ апатының себебін 10 қаңтарды жариялауды тапсырған болатын.
Қазір зардап шеккендерге көмек үшін арнайы шот ашылды.