Алматы маңындағы тауларда тәжірибесіз туристер үшін қауіпті бағыттар аз емес. Бұл туралы ҚР ТЖМ «Барыс» республикалық құтқару қызметі» РММ құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы Павел Воскобойников айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, кез келген тау шыңына шығуды көздейтін маршруттар қауіп деңгейі жоғары бағыттардың қатарына жатады.
Шыңға көтерілуді қамтитын барлық бағыттарды қауіпті маршруттар деп санауға болады. Мұндай жерлерде тас құлауы мүмкін, кей аумақтарда ешқашан ерімейтін мұздықтар бар. Сондықтан арнайы дайындықсыз мұндай бағыттарға шығу қауіпті, – деді құтқарушы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында.
Маман Алматы маңындағы бірнеше шатқалды ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Күмбелсу, Үлкен Алматы шатқалы және Аюсай шатқалы туристер үшін ең қауіпті орындардың қатарында.
Бұл шатқалдарда жүру оңай емес. Әсіресе Аюсай шатқалында үш сарқырама орналасқан. Олардың кейбірінен өту үшін арнайы альпинистік құрал-жабдықтар қажет, – деді Павел Воскобойников.
Құтқарушылардың айтуынша, көптеген туристер бағыттың күрделілігін ескермей, әлеуметтік желілердегі суреттерге қызығып жолға шығады. Алайда мұндай сапарлар дұрыс дайындықсыз қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін.
Осыған байланысты ТЖМ өкілдері тұрғындар мен қала қонақтарына тауға шығар алдында маршруттың күрделілік деңгейін зерттеп, ауа райын тексеруге, қажетті жабдықтарды алуға және мүмкіндігінше тәжірибелі гидтердің көмегіне жүгінуге кеңес береді.
Айта кетейік, бұған дейін құтқарушылар туристер тауда жиі жіберетін қателіктер туралы айтқан болатын.