Тауға шығатын туристердің ең үлкен қателігі – дайындықтың жеткіліксіздігі. Бұл туралы ҚР ТЖМ «Барыс» республикалық құтқару қызметінің құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы Павел Воскобойников айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, құтқарушылардың көмекке жиі шығуына туристік топтардың тәжірибесінің аздығы мен қауіпсіздік талаптарын елемеуі себеп болады.
Көп жағдайда басты мәселе – топтың дайын болмауы. Әсіресе жастар гидпен бір рет тауға шығып келгеннен кейін өзін тәжірибелі турист санап, күрделі бағыттарды өз бетінше таңдауға кіріседі. Алайда таудағы қауіп-қатерді толық бағалай бермейді, – дейді құтқарушы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.
Маманның айтуынша, туристер жиі жіберетін тағы бір қателік – дұрыс аяқ киім таңдамау.
Қазір көп адам тауға арналған кроссовкамен жүреді. Олар треккинг пен жүгіруге ыңғайлы болғанымен, ұзақ жорықтар үшін биік қонышты етік қажет. Ол тобықты ұстап тұрады. Әйтпесе аяқ тайып кетіп немесе бұралып, жарақат алу қаупі жоғары, – дейді Павел Воскобойников.
Құтқарушы тауға шыққанда қысқа шалбар мен ашық киім кию қауіпті екенін ескертті. Павел Воскобойниковтің айтуынша, әсіресе қыз-келіншектердің шолақ шалбар, велосипедке арналған қысқа киімдер мен жеңсіз топиктермен тауға шығуы жиі кездеседі.
Тауда күн сәулесі өте қатты. Ашық киініп жүрген адам тез күйіп қалады. Сонымен қатар бұталар, тікенектер, кенелер және басқа да жәндіктерден қорғану үшін ұзын шалбар мен ұзын жеңді киім киген дұрыс, – дейді маман.
Тауда ауа райы әп-сәтте өзгереді
Құтқарушылар тауға шыққанда міндетті түрде жылы күрте, бас киім және қажет жағдайда түнейтін жабдық алып жүруге кеңес береді.
Тауда ауа райы өте тез өзгереді. Жаздың өзінде жаңбыр жауып, ауа температурасы күрт төмендеп кетуі мүмкін. Сондықтан сапалы аяқ киім, су өткізбейтін күрте және бас киім әрдайым болуы тиіс. Бас киім күн өтуден қорғайды. Тауда күннің әсері жазық жерге қарағанда әлдеқайда күшті, – деді Павел Воскобойников.
Маманның айтуынша, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау мен сапарға алдын ала дайындалу көптеген төтенше жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы тауларында құтқарушылар жоғалған туристі тауып, жолай тағы бір туриске көмектескені хабарланды. Проходное шатқалындағы сарқырама маңындағы және Космостанция ауданы аумағында туристерге көмек көрсетілді.