Үш ай бойы космомониторинг «соқыр» болып тұр. Тайжан министрге сұрақ қойды

25 Наурыз 2021, 13:01
3781
Бөлісу:
Үш ай бойы космомониторинг «соқыр» болып тұр. Тайжан министрге сұрақ қойды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жер реформасы жөніндегі комиссияның бірінші отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров қоғам қайраткері Мұхтар Тайжанның сауалына жауап берді.

Тайжан мырза космомониторинг бүгін жүрмей жатыр, ашық түрде ақпаратты бермей жатыр деп отыр. Егер біз ақпаратты ашық түрде бермесек, сонда былтырғы космомониторингті қалай өткіздік? Бұл - бірінші, екіншіден, космомониторингке керек ақпараттың барлығын бүгін министрлік тарапынан беріп жатырмыз. Бірақ сол космомониторинг жүргізіп жатқан қолдау жүйесіне не керек екені бүгінгі күні белгілі емес. Бір ақпаратты сұрайды, екінші ақпаратты сұрайды. Кейде бір-біріне қарама-қайшы келеді. Бізге келсін, есігіміз ашық, - деді министр.

Омаров қандай ақпарат қажет болса, барлығын беруге дайын екендерін жеткізді.

Қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан министрлік есігі жабық екенін айтып, наразылығын білдірді.

Кешірім өтінемін, министр мырза. Сіздің есігіңіз жабық. Иә, былтыр жыл бойы космомониторинг жұмыс істеді. Иә, миллиондаған жер қайтарылды. Ол рас. Бірақ 15 желтоқсанда бұл ақпарат жабылды. Жұмыс бабымен жиналып, осы мәселені шешіп тастайық. Өйткені үш ай бойы космомониторинг «соқыр» болып тұр. Жап-жақсы жұмыс істеп тұрған жүйені неге жауып тастадыңыздар? Мен кездесуге дайынмын. Баяғыдан бері сұрап келе жатырмын, - дейді ол.

Өз кезегінде Ералы Тоғжанов Мұхтар Тайжанның ұсынысын қолдайтынын айтты.

Мұхтар Болатханұлы, мына ұсынысыңызды қолдаймын. Осындай сұрақтарға жауап алу үшін комиссия жиналып отыр. Сондықтан айтқан ойыңыз дұрыс, - деді Премьер-министрдің орынбасары.

Өзгелердің жаңалығы