Урбан Руснак жаңа энергетика түріне көшудің жолдарын айтты

15 Қараша 2021, 14:03
778
Бөлісу:
Урбан Руснак жаңа энергетика түріне көшудің жолдарын айтты
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Астана клубының алтыншы отырысында Энергетикалық хартия хатшылығының Бас Хатшысы Урбан Руснак мәлім етті.

Бас Хатшы жасыл трансформация және климаттық күн тәртібінің дамушы елдерге тигізетін әсері туралы баяндама жасады.

Оның айтуынша, алдағы уақытта көміртексіз жаңа энергетикаға өту әлем мемлекеттерінің басты мақсатына айналады.

Бұл дегеніміз бұрынғы энергия көздерін толығымен алып тастау деген сөз емес. Қазіргі кезде жаңа шығарындыларды аулайтын технологиялар шығуда. Біз бұл технологияларды барынша тиімді пайдаланумыз қажет. Әрине, бұл жолда әр елдің өзіндік тактикасы бар, - деді ол.

Сондай-ақ, Урбан Руснак жасыл трансформацияның өте ауқымды жалпылама тақырып екенін түсіндірді. Оның сөзінше, бұл бағыттар бойынша әрбір ел батыл шешімдер қабылдауы керек.

Әлемде жаңа энергетикаға көшу қажеттілігі бар. Бұл мәселені алдын алу үшін әрбір елдің өзіндік бағдарламасы болуы шарт. Мен 10 жыл энергетика саласында жұмыс істеймін. Сол себепті бұл саладағы келер қауіп пен проблемалардың қандай маңызға ие екенін анық білемін, - дейді Энергетикалық хартия хатшылығының Бас Хатшысы.

Оның айтуынша, қазіргі таңда энергия көздерін ішкі нарықта жергілікті халыққа тиімді бағамен сату мәселесі өзекті болып отыр.

Менің ойымша, энергетикаға көшудің маңызды аспектісі – бұл өңірлердегі барлық елдердің артқа қарай қадам жасай алмайтындай кезеңге өтуі. Яғни, тиімді энергия көздеріне өтетін болсақ, экономикалық дағдарысты және климаттағы өзгерістердің шешімін таба аламыз. Сондықтан қайта қалпына келетін жаңартылатын энергия көздерін жақсы әрі сапалы сервиспен қамтамасыз етуміз керек. Дәстүрлі қазба отыннан бас тартумыз керек, - деді Бас Хатшы.

Ол бұл саладағы проблемалардың алдын алу үшін әрбір ел экономикалық логикасына сәйкес бағытта жұмыс істеген жөн екенін айтты.

Мұндай маңызды қадамдарды жүзеге асырмаған кез келген ел құлдырай бастайды. Алайда, барлық мемлекеттер түрлі саясат жүргізгені абзал. Өйткені олардың географиялық, экономикалық жағдайы әртүрлі. Сондықтан барлық ел топтары бірлесе жұмыс істеп, нақты шешімдер қабыдауы керек. Әсіресе, дамыған және дамушы мемлекеттер шешімі үлкен маңызға ие, - деп атап өтті Урбан Руснак.

Өзгелердің жаңалығы