ҰҚК Жамбыл облысындағы жағдай туралы хабарлады

12 Қаңтар 2022, 20:57
1578
Бөлісу:
ҰҚК Жамбыл облысындағы жағдай туралы хабарлады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысы бойынша терроризмге қарсы күрес жөніндегі облыстық жедел штаб өңірдегі жағдайды тұрақтандыру бойынша кешенді шараларды қабылдап, іске асыруда. Бұл туралы ҚР ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.

 Тараз қаласында негізгі қайғылы оқиғалар 2022 жылғы қаңтардың 5-нен 6-сына қараған түні болды. 350 адамға жуық топ атыс қаруы мен «Молотов коктейлдерін» қолдана отырып, ҰҚК Жамбыл облысы бойынша департаментін басып алуға әрекет жасады.

Жеке құрамның өмірі мен денсаулығына төнген қауіпті, режимдік объект қауіпсіздігі мен қару-жарақты қолды ету қатерін ескере отырып, ғимаратты қорғау кезінде шабуылдаушыларға қарсы оқ атылды.

ҰҚК Шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департаментінің арнайы мақсаттағы тобымен бірлесе отырып, 3 қарулы шабуылдың беті тойтарылды.   

Атыс кезінде жараланған ҰҚК Жамбыл облысы бойынша департаменті Терроризмге қарсы орталығының бөлім бастығы подполковник Д.А.Әділбай қаза тапты.

ҰҚК Жамбыл облысы бойынша департаменті 6 қылмыстық іс қозғады: ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлімінің 2, 15-тармақшалары бойынша – 1 («адамның қызметтiк жұмысын жүзеге асыруына не кәсiптік немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты осы адамды немесе оның жақындарын өлтіру»), ҚР ҚК 255-бабы 3-бөлімінің 2-тармағы бойынша – 1 («терроризм актісі») және ҚР ҚК 287-бабының 3-бөлімі бойынша – 4 («Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру»).

Жамбыл облысында құрылған ведомствоаралық жедел-тергеу тобымен ҚР ҚК 269-бабының 2-бөлімінің 1, 6-тармақшалары бойынша («Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен шабуыл жасау немесе оларды басып алу») 30 адамға қатысты қылмыстық істер тергелуде.

Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысы бар адамдардың қылмыстық қудалау жұмыстары жалғасуда.

Өзгелердің жаңалығы