ҰҚК террорлық актіге қатысы бар адамдарды іздеу нәтижелерін жариялады

13 Қаңтар 2022, 13:25
1647
Бөлісу:
ҰҚК террорлық актіге қатысы бар адамдарды іздеу нәтижелерін жариялады
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шекара қызметі ҰҚК аумақтық бөлімшелерімен өзара іс-қимыл аясында ІІМ «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесін жұмылдыра отырып, Алматы облысында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатыр. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.

Нәтижесінде Талдықорған қаласының Полиция департаментіне жасалған шабуылға және тәртіпсіздіктерге қатысы бар деген күдікпен 8 адам және Алматы қаласындағы тәртіпсіздіктер мен тонауларға қатысы бар деген күдікпен  тағы 8 адам (оның ішінде Орталық Азия республикаларының 4 азаматы) ұсталды. Ұсталғандар полиция бөлімшелеріне берілді. Ағымдағы жылғы 11 қаңтарда Түркістан облысындағы «Шымкент» авиациялық өткізу пунктінде «Түркістан – Ыстамбұл» бағытындағы КС-7425 рейсін ресімдеу кезінде Қызылорда қаласындағы митингтерге қатысқан және әлеуметтік желілердің мессенджерлері арқылы тәртіпсіздіктерге шығуға үндейтін материалдар таратқан ҚР азаматы анықталды. Ұсталған азамат Шымкент қаласының желілік полиция бөліміне тапсырылды - делінген хабарламада.

10 қаңтарда Қостанай облысының «Обаған» (автомобиль) өткізу пунктінде тексеру жұмыстары барысында 1986 жылы туылған ҚР азаматы, Тараз қаласының тұрғыны ұсталды. Оның ұялы телефонынан күш құрылымдарының арнайы жарағын (қорғаныс дулығасы, жүк кеудешесі, металл қалқаны және резеңке таяқ) асынып, 5 қаңтарда түскен фотосуреті табылды.

Тергеу іс-шараларын жүргізу үшін аталған адам Ұзынкөл аудандық Полиция бөліміне берілді.

Өзгелердің жаңалығы