ҰҚК: Құқық қорғау органдарының қызметкерлері заңсыз қару сатқан

16 Қаңтар 2023, 10:11
1212
Бөлісу:
ҰҚК: Құқық қорғау органдарының қызметкерлері заңсыз қару сатқан
VIDEO

Қару-жарақты екінші рет айналымға енгізумен шұғылданған құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен бұрынғы қызметкерлері және олардың көмекшілеріне қатысты сот процессі аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тіркеуден шығарылған оқ-дәрімен атылатын қару және оқ-дәрі қылмыстық схема бойынша жойылды деген жалған есеп арқылы кейін сатылуға шығарылып отырған.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаментімен бірге екі кезеңнен тұратын операция барысында Алматы қаласы және Алматы, Павлодар, Солтүстік Қазақстан мен Қарағанды облыстарында    қаруды қайта айналымға шығару арнасының жолын кесті.

Құрықтау және тінту барысында 347 бірлік қару, 13 граната және 7 387 оқ-дәрі алынды. Полицияның бұрынғы қызметкері ұйымдастырған қаруды модификациялау цехының көзі жойылды. Жедел зерделеуді жалғастыру арқылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті қылмыс әлеміне, бұзғыш діни ағымдарға қатысты және бұрынғы полицейлерден тұратын қаруды сатып алушылардың толық базасын анықтады, - делінген ҰҚК таратқан хабарламада.

Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының шешімімен кінәлі адамдар 2-ден 5 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру мерзімдеріне сотталды.  

Қызметтік міндеттеріне салғырт қарағандары және жеке құрамды бақылауды әлсіреткендері үшін құқық қорғау органдарының бірқатар басшысы теріс негіз бойынша қызметтен шығарылды.

Қолданылған шаралар қару айналымын бақылау саласындағы заңдылықты сақтауға және қылмысқа бой бермеу бағытына оң әсерін тигізді.

Өзгелердің жаңалығы