ҰҚК өкілі Челах ісіне қатысты пікір білдірді

16 Ақпан 2023, 12:40
1242
Бөлісу:
ҰҚК өкілі Челах ісіне қатысты пікір білдірді

Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов өмір бойына сотталған Владислав Челахтың мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Меніңше, (Челахтың мәлімдемесіне қатысты – ред.) пікір білдіру артық болады. Оқиға орын алған жылы қылмыстық іс толықтай тергелді. Оқиғаның мән-жайы анықталды деп ойлаймын. Мен оның не айтқысы келгенін білмеймін. Сондықтан қылмыстық іс толықтай қаралып, тергелді. Егер мәлімдеме жасалса, оның мазмұнына қарағанымыз дұрыс. Қазір мен оның не айтатынын білмеймін, - деді Ерлан Алдажұманов Сенаттың жалпы отырысынан соң кулуарда тілшілерге берген сұхбатында.

Сондай-ақ ол ҰҚК Шекара қызметінің Владислав Челахқа шығарған үкімімен келісемін деп отыр. 

Бұл жерде бір нәрсені түсіну керек: Арқанкерген бекетінің жұмысы – маусымдық. Ол жазда, тауда соқпақтар пайда болатын кезде мемлекеттік шекараның бұзылу қаупін болдырмас үшін ашылады. Жазғы маусымда қажетіне қарай қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қойылады, - деп нақтылады ҰҚК өкілі. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Арқанкерген шекара бекетінде 15 адамды өлтірді деген айыппен өмір бойына бас бостандығынан айырылған Владислав Челах Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазған болатын. Хатында ол іс бойынша тергеуді қайта бастауды сұраған.   

Ал бас прокурордың бірінші орынбасары Тимур Тәшімбаев Челахтан жауап алынатынын айтты. 

Өзгелердің жаңалығы