Ұлттық қауіпсіздік комитеті Серік Күдебаевтың елден қалай қашып кетуі мүмкіндігін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов мәлімдеді.
Айтуынша, Қаңтар оқиғасына қатысты күдікке ілінген Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев елден тау арқылы қашып шығуы мүмкін.
Өзі туған жерінде, таудың маңайында шаруа қожалығы мен елді мекен бар. Жақсы жолбасшысының болғанын да жоққа шығармаймыз. Біздің нұсқамыз бойынша тау арқылы шекарадан асып кеткен болуы әбден мүмкін, - деді Ерлан Алдажұманов Сенаттың кулуарында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Еске сала кетейік, Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаевтың соты қаңтар айында басталды. Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев қаңтар оқиғасы бойынша күдікті деп танылған еді. Ол 2020 жылдан бастап 2022 жылдың қаңтарына дейін Алматы облысы полиция департаментінің бастығы қызметін атқарған. 2022 жылдың 18 ақпанында ол ішкі істер органдарынан өз еркімен босатылды.
10 наурызда Серік Күдебаев ауруханаға түскені, сот отырысы кейінге шегерілгені хабарланды. Кейіннен айыпталушы кезекті сот отырысына келмегендіктен, судья Серік Күдебаевты сотқа мәжбүрлі түрде жеткізу жөнінде қаулы шығарды.
Жақында Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланғаны белгілі болды. Бұған дейін Бас прокуратура Күдебаевтың Стамбұлға қалай ұшып кеткенін айтып берді.