Бас прокуратура Күдебаевтың Стамбұлға қалай ұшып кеткенін айтты

12 Сәуір 2023, 11:22
952
Бөлісу:
Бас прокуратура Күдебаевтың Стамбұлға қалай ұшып кеткенін айтты
Фото: informburo.kz

Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Алматы облысы Ішкі істер департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевтың ісіне қатысты айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның мемлекеттік шекараны заңсыз өтуіне байланысты Ұлттық қауіпсіздік органдары іс қозғаған болатын. Істің маңызын ескеріп, Бас прокуратура оны өзінің өндірісіне қабылдап алды. Бұл іс бойынша жедел тергеу тобы құрылды. Оның құрамына барлық құқық қорғау органының ең мықты, тәжірибелі тергеушілер мен жедел уәкілдері қосылды. Ең бірінші Серік Күдебаевты Қырғызстанға кетті деген мәлімет бар, - деді ол.

Айтуынша, осы себептен Бас прокуратура Қырғыз Республикасына сауал жолдаған.

Сауалға жауап алдық. Тергеу тобындағы біздің қызметкерлер Қырғыз Республикасының құқық қорғау органдарымен бірлесіп, Қырғызстан территориясында тергеу жүргізуге мүмкіндік алдық. Тиісті жұмысты жүргізіп жатырмыз. Күдебаев Бішкектегі Манас әуежайы арқылы Cтамбұлға ұшып кетті деген мәлімет бар, - деп түсіндірді Жандос Өмірәлиев Мәжілістің кулуарында журналистерге берген сұқбатында.

Бас прокурордың орынбасары атап өткендей, Қырғыз тарапы да мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту бойынша (қылмыстық) істі тергеуді бастады.

Еске сала кетейік, Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаевтың соты қаңтар айында басталды. Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев қаңтар оқиғасы бойынша күдікті деп танылған еді. Ол 2020 жылдан бастап 2022 жылдың қаңтарына дейін Алматы облысы полиция департаментінің бастығы қызметін атқарған. 2022 жылдың 18 ақпанында ол ішкі істер органдарынан өз еркімен босатылды.

10 наурызда Серік Күдебаев ауруханаға түскені, сот отырысы кейінге шегерілгені хабарланды. Кейіннен айыпталушы кезекті сот отырысына келмегендіктен, судья Серік Күдебаевты сотқа мәжбүрлі түрде жеткізу жөнінде қаулы шығарды.

Жақында Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланғаны белгілі болды.

Өзгелердің жаңалығы