Университетке түсетін талапкерлер нені білуі керек: Грант қалай бөлінеді?

2026-2027 оқу жылына 75 мыңнан астам білім гранты бөлінді.

10 Тамыз 2026, 15:00
АВТОР
 gov.kz 10 Тамыз 2026, 15:00
10 Тамыз 2026, 15:00
168
Фото: gov.kz

2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарының конкурсы қорытындыланды. Бакалавриатқа 75 мыңнан астам грант бөлініп, конкурсқа 127 041 талапкер өтініш берген. Нәтижесінде мемлекеттік білім беру тапсырысының 98%-ы игерілді.

BAQ.KZ тілшісі Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап, болашақ студенттерге гранттың қалай бөлінетінін түсіндіреді.

Ведомство дерегінше, биыл өңірлік теңгерімді сақтау мақсатында «Серпін» бағдарламасына 2 180, Батыс өңірлер жастарына 2 500 грант бөлінді. Ал Қазақстанда ашылған шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарына 3 190 грант қарастырылды.

Гранттардың ең көп бөлігі инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына – 16 674, педагогикалық ғылымдарға – 12 228, ақпараттық-коммуникациялық технологияларға – 10 387 және жаратылыстану ғылымдары, математика және статистикаға – 9 188 гранттан бөлінді.

Сонымен қатар әкімдіктер бакалавриат, магистратура және резидентураға 2 392 грант бөлді.

Ең көп грантты Астана қаласының әкімдігі – 303, Шымкент қаласы – 285, Шығыс Қазақстан облысы – 270 гранттан бөлді. Одан кейін Батыс Қазақстан облысы – 211, Абай облысы мен Түркістан облысы – 200, Ақмола облысы – 199, Қарағанды облысы – 198, Атырау облысы – 187, Маңғыстау облысы – 163 грант бөлді. Қалған өңірлердің әрқайсысы 100-ге жуық грант ұсынды.

ЖОО-лардан 2 мыңнан астам ішкі грант

Мемлекеттік білім беру гранттарынан бөлек, Қазақстанның жоғары оқу орындары талапкерлерге 2 мыңнан астам ішкі грант ұсынады. Сонымен қатар университеттер оқу ақысына жеңілдіктер мен атаулы стипендиялар қарастырады.

Ең ірі бағдарламалардың бірі Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде жүзеге асырылады. 2026-2027 оқу жылына Түркия Республикасы 500 дәстүрлі білім беру квотасын бөлді.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті IT бағытындағы олимпиадалар, жобалар мен конкурстардың жеңімпаздарына 125 ішкі грант бөлді.

Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде өзіндік конкурстық бағдарламалар шеңберінде 94 грант қарастырылған.

Білім беру гранттарының нәтижелері жарияланғаннан кейін талапкерлер мен ата-аналар арасында гранттарды бөлу тәртібіне қатысты сұрақтар туындайды. Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есинбаева грант конкурсының қалай өтетінін және нәтижелердің қандай тәртіппен қалыптасатынын түсіндірді.

Грант қалай бөлінеді?

Ең алдымен, білім беру гранттары ҰБТ нәтижелері негізінде конкурстық тәртіппен берілетінін атап өткен жөн.

Өтініш берген кезде әр талапкер өз басымдықтарын анықтай отырып, төрт білім беру бағдарламалары тобын және әр топ бойынша төрт жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымын көрсетеді.

Талапкер көрсеткен барлық басымдық конкурс барысында бірінен соң бірі дәйекті түрде ескеріледі. Алдымен бірінші басымдық қарастырылады. Одан кейін белгіленген тәртіппен екінші, үшінші және төртінші басымдықтар қаралады.

Әрбір кезеңде ҰБТ нәтижелері, бөлінген гранттар саны, таңдалған білім беру бағдарламалары тобы, тиісті квоталар және заңнамада көзделген құқықтар ескеріледі.

Осылайша, конкурс механизмі талапкер таңдаған барлық басымдықтың дәйекті түрде қаралуын және оның білім беру бағытындағы қалауларының барынша ескерілуін қамтамасыз етеді. Қорытынды нәтиже барлық мәлімделген басымдықтар қаралып болғаннан кейін, конкурс нәтижелерін ескере отырып қалыптасады, – деді Жанна Есинбаева.

Неліктен 120 балл грантқа кепілдік бермейді?

ҰБТ-дан жоғары балл жинау – маңызды артықшылық. Алайда грант тек жинаған балл санына қарай автоматты түрде берілмейді. Білім беру гранттары әр білім беру бағдарламасы бойынша конкурс негізінде бөлінеді.

Грант нәтижесіне бірнеше фактор әсер етеді:

  • таңдалған білім беру бағдарламасы;
  • бөлінген грант саны;
  • конкурсқа қатысушылар саны мен олардың нәтижелері;
  • квоталар мен талапкерлердің жекелеген санаттары.

Мысалы, 120 балл жинаған талапкер бәсекелестігі жоғары бағдарламаға түсіп, грант саны шектеулі болған жағдайда грантсыз қалуы мүмкін. Ал 100 балл жинаған талапкер конкурс деңгейі төмен бағыт бойынша грант иеленуі ықтимал.

Сондықтан талапкерлер мамандық таңдағанда тек ҰБТ балын емес, сол бағыттағы грант санын, конкурс деңгейін және өзге де талаптарды ескергені жөн.

Бірнеше талапкердің балы бірдей болса, кім грант алады?

Конкурсқа қатысу үшін талапкер белгіленген шекті балды жинауы қажет. Алайда бұл балл грантқа өтуге кепілдік бермейді. Нақты өту балы конкурс барысында грант саны мен талапкерлердің нәтижесіне қарай қалыптасады.

Егер бірнеше талапкердің ҰБТ нәтижесі бірдей болса, заңнамада белгіленген артықшылықтар қолданылады. Оның ішінде «Алтын белгі» иегерлері, кейбір мемлекеттік марапаттарға ие азаматтар және мамандығы бойынша кемінде бір жыл еңбек өтілі бар техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының түлектері басымдыққа ие болады.

Кейін білім туралы құжаттың орташа балы, қажет болған жағдайда бейіндік пәндер бойынша нәтижелер ескеріледі.

Яғни ҰБТ нәтижесі бірдей болған кезде критерийлердің белгіленген реттілігі қолданылады. Бұл конкурсқа қатысушылардың кезектілігін объективті түрде анықтауға мүмкіндік береді. Сондықтан қорытынды нәтиже тек жиналған балдар санымен ғана анықталмайды, – деді Жанна Есинбаева.

Квота грантты автоматты түрде бермейді

Мемлекет азаматтардың жекелеген санаттары үшін білім гранттарына квоталар қарастырған. Олардың қатарында көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектігі бар азаматтар, ауыл жастары және заңнамада белгіленген басқа да санаттар бар.

Сондай-ақ «Серпін» жобасы, жекелеген өңірлерге арналған және педагогикалық, ауыл шаруашылығы, техникалық бағыттар бойынша квоталар қарастырылған.

Квота грантты автоматты түрде алуды білдірмейді. Әр квота бойынша да конкурс өткізіліп, грант жоғары нәтиже көрсеткен талапкерлерге беріледі.

Сондықтан әртүрлі квота бойынша оқуға түскен талапкерлердің балдарын тікелей салыстыру дұрыс емес, – деп түсіндірді комитет төрағасының орынбасары.

Қысқартылған оқу мерзіміне түсетін талапкерлердің нәтижелері жалпы конкурс нәтижелерімен тікелей салыстырылмайды. Себебі бұл санат үшін ҰБТ форматы, ең жоғары балл саны және конкурстық іріктеу тәртібі өзгеше.

Осылайша, грантты бөлу кезінде тек ҰБТ нәтижесі емес, талапкердің таңдаған басымдықтары, грант саны, квоталар және заңнамада белгіленген артықшылықтар да ескеріледі.

 

Нұрай Зинелова

Наверх