Үндістаннан тарту: Ақмолада іске қосылған суперкомпьютер неге ерекше?

18 Сәуір 2025, 20:05
880
Бөлісу:
Үндістаннан тарту: Ақмолада іске қосылған суперкомпьютер неге ерекше?
PHOTO
Фото: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ баспасөз қызметі

Ақмола облысының Ақкөл қаласында Орталық Азиядағы ең қуатты есептеу жүйелерінің бірі – Param Bilim 2 суперкомпьютері іске қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның есептеу қуаты 1 петафлопсқа дейін жетеді. Бұл – миллиондаған операцияны бір сәтте орындауға мүмкіндік беретін көрсеткіш. Заманауи CPU+GPU гибридті кластері жасанды интеллект, биоинформатика, климатты модельдеу, химия және физика салаларындағы ғылыми зерттеулерге пайдаланылмақ.

Ғылымға жол ашатын құрылғы

Param Bilim 2 – ғылым мен білімге арналған ерекше құрал. Ол атмосфера мен мұхитты модельдеуден бастап, молекулалық динамикаға дейінгі күрделі есептерді шешуге мүмкіндік береді. Суперкомпьютер деректерді сақтау, өңдеу және есептеу үдерістерін ондаған есе жылдамдатады.

Жүйені қолдану үшін арнайы дайындық қажет болғандықтан, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 60-тан астам оқытушысы төрт айлық оқытудан өтіп, сертификат алды. Жоба аясында MATLAB бағдарламасының суперкомпьютерге бейімделген нұсқасы да енгізілген.

Бұған дейін университетте Param Bilim 1 моделі 15 жылдан астам уақыт бойы білім беру мақсатында қолданылып келеді.

Үндістаннан тарту: Ақмолада іске қосылған суперкомпьютер неге ерекше?

Жасанды интеллект пен ұлттық стратегия

Жоба Қазақстан мен Үндістан арасындағы үкіметаралық келісім аясында жүзеге асты.  Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова суперкомпьютер жасанды интеллектті дамытуға үлкен серпін беретініне сенімді.

 Президент бастамасымен жүзеге асып жатқан AI-SANA бағдарламасы аясында бүгінде 200 мыңнан астам студент жасанды интеллект негіздерін оқып шықты. Жыл соңына дейін барлық 650 мың студент толық қамтылады, – деді ол.

Келесі кезеңде 100 мың студент тереңдетілген оқуға көшіп, 1500 стартапқа қолдау көрсетілмек. Оның ішінде 50 үздік жоба халықаралық деңгейге шығарылады.

Ақкөл – болашақтың ғылым ордасы

Суперкомпьютердің орналастырылуы кездейсоқ емес. ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдыковтың айтуынша, Ақкөл қаласы университетпен тығыз байланыста – мұнда жыл сайын студенттер тәжірибеден өтеді, ал қалада орналасқан Ғарыштық байланыс орталығы ғылыми жобаларға қолайлы жағдай жасайды.

 Кеңес дәуіріндегі Новосибирскідегі Академқалашық сияқты, Қазақстанда да болашақта нағыз наукоградтар пайда болуы керек. Ақкөл соның бастауы бола алады, – деді Ерлан Сыдыков.

Сарапшылардың пікірінше, бұл жоба Қазақстанды ғылым мен технология саласында жаңа деңгейге көтеріп, елді білім мен цифрлық даму тұрғысынан алдыңғы қатарға шығаруы мүмкін.

Өзгелердің жаңалығы