Ұн бағасын ішкі нарықта қымбаттатпау жолын іздейік – сенатор

7 Желтоқсан 2020, 21:36
2780
Бөлісу:
Ұн бағасын ішкі нарықта қымбаттатпау жолын іздейік – сенатор

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Комитет отырысында «Астық туралы» заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізуді талқыға салдық. Кем дегенде екі айға жететін 500 мың тонна астық қорын жасау, мынадай күрделі кезеңде өте қажет екені дау туғызбайды, деп жазды Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы Facebook-тегі парақшасында.

Әттеген-ай дейтінім, ұн, ұн өнімдерінің бағасына қатысты қойған сұрағыма тиісті министрліктің жауапты тұлғасы қазіргі нарықтағы халық тұтынатын азық- түліктің бағасы былтырғы жылмен салыстырғанда көп өскен жоқ деп жауап берді. Мен оған «Ұнның, нанның, еттің бағасы қандай болып жатыр екен деп базарға, дүкенге барасыз ба» деген сұрағыма ертең жазбаша жауап берейін деп құтылды. Мен оған «Айналайын, сіздің лауазымыңызда азық-түлік бағасын күнделікті бақылап, өңірлер бойынша мониторинг жасап отыруыңыз керек ғой. Ол сіздің қызметтік міндетіңіз емес пе» дедім. Үнсіздік, не айтуға болады? Тезектің түтіні мен ауылдың ақ шаңын жұтып өскендіктен болар ауыл десе елеңдеп отырамыз. Әттең азық- түліктің қымбаттауы біріншіден сол ауыл халқына қиын соғуда, - деп жазды Мұрат Бақтиярұлы.

Ортада делдалдар көп, пайданы диханшылар мен малшылар емес сол алып- сатарлар көреді. 

Өндірушіден тікелей тұтынушыларға жеткізуді ұйымдастырамыз деген жылда уәде күйінде қалуда. Өзім айына екі рет базарға не дүкенге барып азық- түліктің бағасын қарап шығамын. Бағалар азық-түлікке көп өскен жоқ деген вице министрдің құлағына салайын деп қарашаның 30 күнгі Қызылорда қаласында өз көзіммен көрген бағаларды айтайын: 50 кг ұн 9200 теңге( былтыр осы уақытта 7500т), 5 литрлік сұйық май 2800 теңге, (былтыр 1800т), 2 кг рожки 375 теңге, ( былтыр 250т), 1 кг сиыр еті 2000 теңге, ( былтыр 1500 т), 1 кг картоп 145 теңге, (былтыр 60 т). Күн сайын өсіп бара жатқан бағаны тұрақтандыру тек бір министрліктің ғана жұмысы емес, бұл тұтас Үкіметтің, жергілікті атқарушы орындардың жұмысы.Он сегіз млн тонна астық алдық ғой, ең болмаса қарапайым халықтың негізгі тамағы ұн бағасын ішкі нарықта қымбаттатпайтын жолын іздейік, - деп жазды сенатор.


Өзгелердің жаңалығы