"Ұмай" Үндістаннан жүлдемен оралды

30 Сәуір 2020, 22:53
2093
Бөлісу:
"Ұмай" Үндістаннан жүлдемен оралды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Режиссер Іңкәр Әбдіраштың "Ұмай" қысқаметражды фильмі қоржынын тағы бір жүлдемен толықтырды. Фильм Х Dadasaheb Phalke Film Festival (DPIFF) халықаралық кинофестивалінде үздік қысқаметражды фильм жүлдесін жеңіп алды.

Үндістандағы ең беделді DPIFF кинофестивалі жыл сайын 30 сәуірде үнді киносының негізін қалаушы Дадасахеб Фалькенің туған күнінде өтеді. Оның 1913 жылы түсірілген «Раджа Харишчандра» фильмі ең алғашқы толықметражды үнді фильмі болып есептеледі. Фестиваль тәуелсіз киноға арналған және жас режиссерлердің шығармашылығын дамытуға бағытталған. Фестиваль алғаш рет онлайн режимінде өтті.

Бұдан бұрын "Ұмай" фильмі British International Amateur Film Festival (BIAFF) Халықаралық әуесқойлар кинофестивалінде "Ең үздік фильм", "Ең үздік сценарий" номинациясы бойынша топ жарған болатын.

Іңкәр Әбдіраштың дебюттік фильмінің желісі өзімшіл актрисаның өмірін түбегейлі өзгертетін балалар үйінің тәрбиеленушісінің өмірін баяндайды. Картинаның продюсерлері Фархат Әбдрайымов пен Гүлшат Смағұлова болды. Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясының "Дебют" шығармашылық бірлестігі түсірді.
Өзгелердің жаңалығы