Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Мемлекет басшысының Ұлытау облысын кешенді дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен басым инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өтті. Оған орталық мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, ірі бизнес өкілдерінің және Ұлытау облысы әкімдігінің өкілдері қатысты.
Кеңесте өңірдің тұрақты дамуы, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ Жезқазған қаласының бас жоспарын іске асыру мәселелері қаралды.
Жиында Жезқазғандағы Конгресс-орталықтың, университеттің, инклюзивті спорт орталығының және әлеуметтік қызмет көрсету орталығының құрылысы, сондай-ақ спорт, білім беру, мәдениет және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салу жобаларының жүзеге асырылу барысы талқыланды.
Сонымен қатар 2026–2029 жылдарға арналған 58 бюджеттік инвестициялық жобадан тұратын өңірлік жобалар пулы қаралды. Аталған жобалар инженерлік, әлеуметтік және жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға, тұрғын үй салуға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталғаны атап өтілді.
Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы әрі уақытылы орындаудың маңызын атап өтіп, жобаларды қаржыландыруды және жобалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
Кеңес қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға, ұлттық компанияларға, ірі бизнес өкілдеріне және облыс әкімдігіне инвестициялық жобаларды уақытылы іске асыру мен олардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.