«Ұлыларға тағзым». Елордада классикалық музыка кеші өтті

1 Қараша 2022, 11:44
1238
Бөлісу:
«Ұлыларға тағзым». Елордада классикалық музыка кеші өтті

Елордада Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының ұйымдастыруымен «Ұлыларға тағзым» атты классикалық музыка кеші болып өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Аталмыш кеш көрнекті жазушылар Мұхтар Әуезовтің 125, Ғабит Мүсіреповтің 120, талантты композиторлар Ғазиза Жұбанованың 95, Еркеғали Рахмадиевтің 90, қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі Күләш Байсейітованың 110 және жезтаңдай әнші Роза Бағланованың туғанына 100 жылдық мерекелерін тойлау аясында ұйымдастырылды. Сонымен қатар, дәулескер күйші, композитор, дирижер, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің қазақ музыка мәдениетіне сіңірген еңбегі жайлы мәліметтер айтылды. 

Концерттік бағдарламада отандық композиторлардың ән-романстары мен үздік операларынан ариялар орындалды. Атап айтатын болсақ, классикалық үздік туындылардың либреттосын жазған М.Әуезов пен Ғ.Мүсіреповтің, танымал композиторлар Ғ.Жұбанова мен Е.Рахмадиевтің және К.Байсейітова мен Р.Бағланованың репертуарларынан музыкалық шығармалар көрермендер назарына ұсынылды. Либретто авторлары Ғ.Мүсіреповтің «Қыз-Жібек» операсындағы Төлегеннің ариясы мен «Толқыма», «Гәкку» әндері және М.Әуезовтің «Абай» операсынан Абайдың, Ажардың, Айдардың ариялары, Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әні,  Ғ.Жұбанованың «Еңлік-Кебек» операсындағы Еңліктің ариясы мен «Ақша бұлт» әні, Е.Рахмадиевтің «Бала ғашық», «Таң самалы» әндері, Н.Тілендиевтің «Өз елім», «Қарлығаш туралы ән» және т.б. композициялар орындалды.

«Ұлыларға тағзым». Елордада классикалық музыка кеші өтті

Кештің құрметті қонағы, қазақтың айтулы композиторы, КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Еркеғали Рахмадиевтің жары - Клара Смағұлқызы Рахмадиева болды. 

Концерттік бағдарламада лирикалық мазмұнда жазылған вокалдық шығармалар мен драмалық монолог рухани мәдениеттің бір бөлігі болып саналады. Ал дарынды авторлар қаламынан туындаған классика жанрындағы сазды әуендер көрермен қауымның талғамынан шықты десек те болады. 

Классикалық музыкалық кеште ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жылтыркөзов, Медет Шотабаев, Бибігүл Жанұзақ, Салтанат Ахметова мен халықаралық байқаулардың лауреаттары Алмат Измамбетов және Фируза Рахметова өнер көрсетті.

Өзгелердің жаңалығы