Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ұлы Жеңістің ұлағаты мол

20 Мамыр 2025, 19:51
372
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Жетісудан шыққан батырлар жайлы айтылмаған әңгіме көп. Бүгінде оны ұрпақтары айтпаса, ерліктері ұмыт қалуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұрпақ үлгі тұтар азаматтар

Шынында біз соғыстың ескінің қалдығы секілді көреміз. Алайда ол мацданда аталарамыздың ерлігі жатыр. Оны ұмыту – таризты ұмыту. Ең өкініштісі, екінші дүниежүзілік соғыстың от-жалынды кезеңін көзімен көріп, кеудесін оққа тосқан ардагерлер қатары сиреп барады. 

Бүгінде сол сұрапыл қырғынның ортасында болған, жетісулық қаһарман ұл Ысқақ Әбілпейісұлы ерлігі архивте менмұндалап тұр. Батыр атамыздың ерлікке толы өмір жолымен танысып, өнегесін көкейге түйе түссін деген ниетпен «Кәтия апа» бөбекжай-балабақшасының бүлдіршіндері атамыздың шаңырағына арнайы барып, батасын алып қайтты. Балалар майдангердің жүрек тебірентер естеліктерін тыңдап, атамызбен естелік суретке түсті.

Ысқақ Әбілпейісұлы 1924 жылы Көлбай ауылында дүние есігін ашып, 18 жасында өзі сұранып, майданға аттанады. Ол Украина майданында және Амур әскери-теңіз флотындағы зенитшілер дивизиясының құрамында жаумен шайқасып, атқыштар қатарында зенитші-пулеметші ретінде Еуропа елдерін фашистік басқыншылардан азат етуге белсене қатысады. 1943-1945 жылдары Тынық мұхиты майданына ауысып, Кеңес-Жапон соғысына да қатысқан. Әскери борышын абыроймен атқарғаны үшін «Әскери-теңіз флотының үздігі» атағына ие болады.

Соғыстан кейін туған елге оралған ол Лепсі педагогикалық училищесін тәмамдап, өмірін ұстаздық жолға арнайды. Қырық жыл бойы білім беріп, жас буынның жүрегіне нұр құйған ардагер ұстаздың еңбегі ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен және «Жуков» медалімен бағаланған.

Ысқақ Әбілпейісұлы – тек ұрыс даласында ғана емес, бейбіт өмірде де батырлықтың, парасат пен қажыр-қайраттың жарқын үлгісі. Оның отансүйгіштігі мен ерлік жолы – ұрпаққа мұра, елге – мақтаныш. Осындай ардагерлерге құрмет көрсету – өскелең ұрпақтың қасиетті борышы.

Дәл сондай, нағыз елінің патриоты, халқының жанашыры – Оразбай Бөкенбаев та бар. Ол ұлттың нағыз азаматы десек, артық айтқандық емес. Ұрпағына өнеге, халқына қорған болған осындай тұлғалардың өмірі – бүгінгі жастар үшін айнымас бағдар, асыл мұра.

Атам – Оразбай Бөкенбаев 1903 жылы қарапайым шаруа отбасында дүниеге келіп, тағдырдың талай тауқыметін басынан өткерген. 12 жасында жетім қалып, ағасы Қасымның қолында тәрбиеленеді. Жастайынан еңбекке ерте араласып, алдымен Жаршапқан бастауыш мектебінде білім алады. Кейін Жұма атты бай дүнгеннің малын бағып, еңбекпен шыңдалады. Атамның еңбек жолы 1928 жылы Жаршапқан ауылдық кеңесінде хатшы болудан басталып, одан кейін қоймашы, сатушы, бригадир, тіпті бірнеше ұжымшардың төрағасы қызметіне дейін көтеріледі. Ол басқарған «Ақтекше», «Талапты», «Куйбышев» және «Қызылбұлақ» ұжымшарлары елдің тұрмысын жақсартуға зор үлес қосқанын жұртшылық жақсы біледі, - дейді ұрпағы зецнеикер ұстаз Күләнда Бөкебаева.

Батырдың ел үшін сіңірген еңбегі тек бейбіт еңбекпен шектелмейді. Ұлы соғыс жылдарында ол майдан шебінде болмаса да, тылда отырып теңдессіз ерлік жасады. Оразбай қария өз қаражатынан 371 мың рубльден астам қаржыны танк колоннасының құрылысына аударып, жауға қарсы «Т-34» танкісінің жасалуына себепкер болды. Бұл – шын мәнінде, Отанды сүюдің, патриотизмнің, жанкештіліктің жарқын көрінісі.

1943 жылы «Известия» газетінде жарық көрген мақалада:«Қаражат жинау жалғасып жатыр. Құрметті жауынгерлер, мыңдаған колхозшылар сіздерге көмектесу үшін қолда бар ақшасын беріп отыр. Осындай адамдардың есімдерін ел білу керек. Олардың бірі – Қаратал ауданындағы “Қызылбұлақ” ұжымшарының төрағасы Оразбай Бөкенбаев. Ол танк колоннасының құрылысына 300 мың рубльді берді», – деп жазылған.

Оның бұл еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол Қазақ КСР-ның 25 жылдығына орай Грамотамен марапатталды, 1945 жылы Еңбек Қызыл Ту орденіне лайық деп танылып, 1946 жылы «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалін иеленді.

“Мен атамның ерлікке толы өмір жолын мақтанышпен айтып жүремін. Себебі, ол – майдан шебінде де, тылда да еліне адал қызмет еткен нағыз майдангер. Осындай арда азаматтың есімі ұрпақ жадында мәңгілік сақталады”, дейді немересі К.Бөкебаева

Сарыесік сарбазы – Стамшал Көкебасов

Жыл сайын мамыр айы жақындағанда, көңіл терең сағыныш пен тағзымға толып, майдан даласын басып өткен батырларымыздың бейнесі көз алдымызға келеді. Қан майданда кеудесін оққа тосып, аман-есен елге оралған ардагерлердің әңгімесін бала күнімізден тыңдап өстік. Омырауында жарқыраған орден-медальдарын салтанатпен тағып, өткен күндер жайлы тебірене сыр шерткенде, жанарларынан үнемі бір мұң, бір мақтаныш ұшқыны сезілетін. Сол бір отты жылдардың ауыртпалығын арқалап, бейбіт күннің шуағын бізге сыйлаған сол ардақтылардың бірі – Сарыесік ауылының тумасы, майдангер Стамшал Көкебасов.

Стамшал ата 1913 жылы Талдықорған облысы, Бөрлітөбе ауданына қарасты Сарыесік ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. 15 жасынан бастап ауыл шаруашылығы жұмыстарына араласып, еңбекке ерте араласқан. 1932 жылы Көпбірлік 5 жылдық мектебін тәмамдап, Отан алдындағы борышын өтеуге дейін балықшы, егінші, қойма меңгерушісі секілді әр салада адал қызмет атқарады. Адал еңбегі мен ұйымдастырушылық қабілеті арқылы ауыл шаруашылығының дамуына өзіндік үлес қосқан.

1942 жылы Бөрлітөбе әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылып, 332-атқыштар полкінің курсанттары қатарында жауынгерлік сапқа тұрады. Майданда автоматшы және қол пулеметінің атқышы болып, кейін гвардияның аға сержанты, полктің бөлімше командирі дәрежесіне дейін көтеріледі. 1945 жылы 1115-атқыштар полкі құрамында шайқасып, Жапониямен болған соғысқа да қатысып, 334-атқыштар полкінде жауынгерлік жолын жалғастырады.

Стамшал Көкебасов – үш рет жараланып, өмір мен өлімнің арасында талай мәрте бетпе-бет келген жауынгер. Соғыста оң жамбасынан ауыр жарақат алып, №2978 әскери госпитальда емделген. Майдан салған жара тек тәнде емес, жүректе де із қалдырғаны сөзсіз. Бірақ ол ешқашан қажыған емес, қайта өмірге құштарлықпен қарай білді.

Кеудесіне тағылған «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдары мен Отан соғысы ордені – оның жауынгерлік жолының жарқын айғағы. Жеңіспен елге оралған соң, Стамшал ата бір сәтке де тыным таппай, еңбекке қайта араласты. Өмірден ерте озған әкесінің орнын басып, отбасының қамын жеді. Майданға аттанғанда артында анасы Зинаш, қарындасы Бәтима, жары Гүлсім және үш жасар қызы Катя қалған еді. Соғыстан кейін отбасын кеңейтіп, қызы Зекен, ұлы Хамза және кенже қызы Пәни дүниеге келеді.

Стамшал ата – тек жауынгер ғана емес, қажырлы еңбек иесі, қара күштің иесі еді. Майданда алған жарақатына қарамастан, ел игілігі үшін маңдай терін төкті. Ауылдастары оны құрметпен «Полковник», кейбірі «Снайпер» деп атаған. Бұл – халықтың оған деген ыстық ықыласы мен ризашылығының белгісі.

Қарапайым өмір сүріп, артына ғибратты із қалдырған Стамшал Көкебасов 1967 жылдың ақпанында, небәрі 54 жасында өмірден өтті. Жазмыштың жазуы солай болғанымен, оның аз ғана ғұмыры ұрпаққа ғасырлық өнеге болып қалды. Ұлы Хамзаның да өмірден ерте озуы жүрекке жара салғанымен, артында ұрпақ оты өшпей жалғасып келеді. Бүгінде келіні Шәкен немерелері Әлім мен екі қызды тәрбиелеп, батыр атаның есімін ардақтап отыр.

Бәріміз де – майдангердің ұрпағымыз. Стамшал атаның ерлігі мен еңбегі біздің жадымызда ғана емес, жүрегімізде де мәңгілікке сақталады. Ер есімі – ел есінде.

Ұрпақ жадында мәңгі сақталар ерлік «Мен – батырдың ұрпағымын» деген сөзді айтқанда жүрегімізді мақтаныш пен жауапкершілік қатар кернейді. Себебі тамырымызда ел үшін қан кешкен, жауға қарсы жанын шүберекке түйіп, бүгінгі бейбіт күннің іргесін қалаған қаһарманның қаны ағып жатыр. Бұл – тек біздің ғана емес, тұтас бір ұлттың парызы мен борышы. Себебі сіз де, біз де сол Ұлы Жеңістің ұрпағымыз.

Атам – Нұрахмет Көшербаев, Отан үшін от кешкен арда азаматтардың бірі. Ол Ұлы Отан соғысы жылдарында 240-атқыштар дивизиясы құрамында майданға аттанып, елі мен жерін жау қолынан азат етуде ерлік танытты. Ең қатерлі шайқастардың бірі – тарих беттерінде ерекше орын алатын Курск шайқасына қатысып, жаудың бетбұрысын тоқтатуға үлес қосты. Бұл шайқас Кеңес әскері үшін жеңіске бастар шешуші сәттердің бірі болғаны мәлім. Қан төгіліп, жан қиылған сол күндердің қасіретін атамыз көзбен көрді, жүрекпен сезінді. Бірақ қажымады. Елге деген адалдық, ұрпақ алдындағы жауапкершілік оны әрдайым алға жетелеп отырды, - дейді батырдың ұрпағы Гүлмира Көшербаева.

Нұрахмет Көшербаев жауынгер ғана емес, нағыз батыр болған. Ол қиян-кескі ұрыстарда ерлігімен көзге түсіп, бірнеше марапатқа ие болады. Оның кеудесіне тағылған «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі – жанкештілігінің, қайсар рухының, жауға деген табанды қарсылығының дәлелі.

Жеңіс күні – тек өткенді еске алатын күн ғана емес. Бұл – бейбіт өмірдің қадірін түсінетін, тыныштықтың құнын ұғатын, батыр бабалар рухының алдында бас иетін қасиетті күн. Аталарымыздың қанымен келген бұл тыныштық бізге оңайлықпен келмегенін ұмытпау – әрбір ұрпақтың борышы. Нұрахмет атамыздың жауынгерлік жолы – ұрпаққа қалдырған баға жетпес мұра, ерлік пен елдіктің өнегесі. Біз олардың ерлігін естен шығармай, тарихтың тереңінен бүгінге жеткізіп, келешекке аманат етуге міндеттіміз, - дейді батырдың немересі Г.Көшербаева.

Осыған қарап батырлар ешқашан ұмытылмайды деп айтуға болады. Олардың есімі – жүректе, ерлігі – ұрпақ санасында қала бермек.

Сұрапыл жылдардың куәгері – Қатима ана

Жеңіс күнін қарсы алар шақта, соғыстың ащы дәмін татқан, бейбіт күннің бағасын жүрегімен сезінетін жандардың қатары сиреп барады. Сол бір ауыр жылдарды көзбен көріп, тірідей жүріп тіршіліктен түңілмеген, жастығын соғысқа, балалығын майданға құрбан еткен жандардың бірі – Қарабұлақ ауылында тұратын Қатима Тілегенова.

Ғасыр жүгін арқалаған батыр ана бүгінде 95 жастан асқан. Шаршаңқы жанары өткеннің елесін шолып отырып, соғыс салған сызаттарды еске алады. Әр әжімінде бір тағдыр жатқандай. Ақ жаулығының бір шетін саусақтарымен баяу ұстап, шөберелерінің күлкісіне қарап отырады. Оның тілеуі – тек біреу: ел тыныштығы, ұрпақ амандығы.

Қатима Омарқызы 1930 жылы Жылқы жылы Өрқайыңды ауылында (қазіргі Қоғалы маңайы) дүниеге келген. Соғыс өрті тұтанғанда, небәрі он жастағы ауыл қызы ересектермен қатар еңбекке араласады. «Бәрі майдан үшін!» деген ұранмен күндіз егін жинап, бидайдың әр дәнін шашау шығармай терсе, түнде тоқыма тоқып, майдангерлерге жылы киім дайындаған. Ауылда апиын егіп, оны да жаралы жауынгерлерге жөнелткен кездерді еске алғанда жүрегі шымырлайды.

Аш құрсақ жүрсек те, бәрін соғысқа жөнелттік. Тойып тамақ ішіп, уайымсыз ұйықтау бізге арман болды. Ойын баласы болсақ та, соғыстың салмағы иығымызда еді, - дейді Қатима ана көзіне жас алып.

Соғыс аяқталған соң Сағындық Тілегеновпен шаңырақ көтеріп, тоғыз ұл-қызды өмірге әкелген. Жары – ауыл мектебінде қазақ тілі, әдебиет пен сызу пәндерінен сабақ берген ұстаз. Елдегі кадр тапшылығына қарамастан, бірнеше пәнді қатар меңгеріп, ұрпақ тәрбиесіне аянбай тер төккен. Сағындық аға 1991 жылы өмірден өткен. Артында қалдырған үлкен әулеті бүгінде өсіп-өркендеп отыр. Балаларының алды – зейнеткер, бірі – аудандық өрт сөндіру бөлімін басқарған азамат, тіпті бір қызы фашизм шыққан Германияда тұрып жатыр. Қазір екі елдің арасында бейбітшіліктің алтын көпірі орнағандай.

Қатима ана бүгінде баласы Мұқанның қолында тұрады. Жасы келсе де, ширақ, ашық аспанның астында еркін серуендейді. Екеуі үйдің алдындағы гүлзарды күтіп-баптаудан жалықпайды. Анасы гүл отырғызу тәртібін айтып отырады, баласы ана көңілінен шыққысы келгендей роза егеді. Бұл – тіршіліктің тұнығы, бейбіт күннің шексіз бақыты емес пе?!

Ана кеудесінде жарқыраған – Жеңістің мерейтойлық медальдары, «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілері. Оның әрқайсысы – жанкешті еңбектің, аналық мейірімнің, қайсар рухтың символы

Өзгелердің жаңалығы