«Ұлы дала жорығы»: Алғашқы кезеңнің көшбасшылары анықталды

7 Қыркүйек 2023, 13:07
1545
Бөлісу:
«Ұлы дала жорығы»: Алғашқы кезеңнің көшбасшылары анықталды
PHOTO
Фото: Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты

Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесіне ел өңірлерінен 19 команда қатысып жатыр. Ат жарысы елорданың іргесіндегі Қаражар ауылынан бастау алды, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Шабандоздар 1 300 шақырым қашықтықта жарысатын марафон-бәйге 19 қыркүйек күні Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласында өз мәресіне жетеді.

«Ұлы дала жорығы»: Алғашқы кезеңнің көшбасшылары анықталды

Жорық қатысушыларын шығарып салу іс-шарасына марафон-бәйгеге ұйытқы болған ұлттық спорттың жанашыр азаматтары – «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, «JORYQ» ат спорты федерациясы Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Әлібек Әлденей қатысты.

Кеше ғана Ұлттық спорт түрлері бойынша VI фестивальдың ресми ашылуын өткіздік. Ал бүгін болса, баршамыз екінші рет ұйымдастырылып отырған «Ұлы дала жорығының» басталу салтанатына жиналып тұрмыз. Ұлттық спорт қауымдастығы 2 жыл қатарынан серіктес болып, «Ұлы дала жорығы» жобасын қолдап отыр. Ұлттық спортымыз ата-бабаларымыздан бізге қалған асыл мұрасы және аманаты. Ұлттық спорттың артында ұлтымыздың рухы мен намысы, тарихы мен салт-дәстүрі тұр. Ұлттық спортымыз – елімізді біріктіретін негізгі факторлардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спорттың дамуы мен насихатталуына ерекше назар аударып отыр. «Ұлы дала жорығы» әлемде жоқ республикалық марафон-бәйге. Бүгін осы бәйгеге еліміздің барлық аймағынан 100-ден астам шабандоз қатысуда. Олар 14 күнде 1300 шақырым жерді шауып өтеді. Астанадан басталған бәйге Түркістанда мәресіне жетеді. Мен барлық шабандозға сәттілік тілеймін!, – деді Исламбек Салжанов.

«Ұлы дала жорығы»: Алғашқы кезеңнің көшбасшылары анықталды

«Ұлы дала жорығы» марафонының жалпы жүлде қоры – 65 млн теңге. Жеңімпаз командаға 30 млн теңге, 2-орынға 20 млн теңге, ал 3-орынға 15 млн теңге табысталады.

Өз кезегінде «JORYQ» ат спорты федерациясы Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Әлібек Әлденей жорықтың бұл жолы да жоғары деңгейде өтетініне сенімді екенін жеткізді.

Тәуелсіздікке қол жеткізіп, егеменді ел болғалы Қазақстанда ұлттық спорт түрлері жоғары қарқынмен дамып келеді. Ұлттық спорттың артында ұлттық құндылық тұр. Жорық біздің еліміздің салт-дәстүрін насихаттап, өткені мен бүгінін жалғайтын тамаша жоба. Марафон-бәйгеге қатысып отырған барлық шабандозға сәттілік тілеймін! Сәттілік серік болсын!, – деді Қамқоршылық кеңесінің төрағасы.

Марафон-бәйгенің ұйымдастырушысы Ғани Дүйшеновтің айтуынша, жорық барысын 2 халықаралық және 2 қазақстандық судья бағаласа, ал жол бойы аттардың жағдайын 2 халықаралық және 3 қазақстандық мал дәрігері қадағалайды.

«Ұлы дала жорығы»: Алғашқы кезеңнің көшбасшылары анықталды

Жорық 14 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – 50 шақырым. Одан кейін 12 кезеңде 100 шақырымды жүріп өтеді. Шабандоздар соңғы 14-кезеңде тағы 50 шақырым жолды бағындырып, Түркістанда мәреге жетеді. Жорыққа Атырау облысынан басқа барлық өңірдің командалары қатысып жатыр. Барлығы марафон-бәйгеге сақадай сай. Кеше аттар ветеринариялық тексеруден өтті, – деді Ғани Дүйшенов.

Осы орайда, бүгінгі бірінші кезеңнің үздіктері де анықталды. Бірінші кезеңнің 50 шақырымын алғаш болып Жамбыл облысы 2 сағат 23 минут, 37 секундта бағындырды. Екінші орын Солтүстік Қазақстан облысының еншісінде. Олардың нәтижесі – 2 сағат, 57 минут, 04 секунд. Ал Жетісу облысының командасы үздік үштікті 2 сағат, 58 минут, 32 секунд уақытпен түйіндеді.

«Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің бас серіктесі – «Sport Qory» туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.

Айта кетейік, «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі республикалық «JORYQ» ат спорты федерациясының, Туризм және спорт министрлігінің, «AMANAT» партиясының және Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қолдауымен өтіп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы