Қазақстанда көмір генерациясын дамытуға бағытталған ұлттық жоба бекітілді. Құжат аясында жаңа электр станцияларын салу және қолданыстағы нысандарды экологиялық тұрғыдан жаңғырту көзделген, деп хабарлайды BAQ.KZ Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Жоба «таза көмір» технологияларын енгізуді қарастырады. Атап айтқанда, жаңа станциялар бу мен температураның аса жоғары параметрлерінде жұмыс істеп, электр энергиясын өндіру тиімділігін 5–6%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Бұл көмір шығынын азайтып, қоршаған ортаға зиянды әсерді төмендетеді.
Сонымен қатар түтін газдарын тазартуға арналған заманауи жүйелер орнатылады. Олардың қатарында шаң мен күлді ұстайтын сүзгілер, азот оксидтерін азайтатын каталитикалық жүйелер және күкірт қосылыстарын жоятын десульфурация қондырғылары бар.
Бұдан бөлек, қолданыстағы көмір электр станцияларын кезең-кезеңімен жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл ретте ең озық қолжетімді технологияларды енгізу көзделген.
Ұлттық жобаны жүзеге асыру нәтижесінде көмір станцияларындағы зиянды шығарындылар 34%-ға қысқарып, энергетикалық жабдықтардың тозу деңгейі төмендеп, елдің энергия жүйесінің сенімділігі артады.