Ұлттық спорт – ұлт құндылығы

20 Наурыз 2024, 09:18
530
Бөлісу:
Ұлттық спорт – ұлт құндылығы
Фото: BAQ.KZ

Асық ойыны – қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі. Қазіргі уақытта бұл ұлттық ойын спорт ретінде мемлекет қолдауына ерекше ие болды. Елімізде түрлі жарыстар ұйымдастырылып, ұлттық құрама жасақталды. Ұлттық спортымыздың даму қарқыны мен асық ату спортына деген қызығушылық қандай деңгейде екенін Павлодар облысының асық ату федерациясының президенті, Халықаралық асық ату федерациясының құрылтайшысы Қалибек Қуанұлымен сұхбаттасып, білген едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Асық ату спортының елімізде даму қарқыны қандай деңгейде?

Қазіргі уақытта өте жоғары деңгейде деп айта аламын. Елімізде жыл сайын өткізліп тұратын ҚР чемпионаты бар. Бұл жарыстарға әр облыстардан командалар толық келіп қатысады. Яғни 17-18 командадан кем болмайды. Бұл дегеніміз асық атудың үлкен деңгейде дамып жатқанының белгісі деп білеміз. Әр облыста біздің федерациялар жұмыс істейді. Кем дегенде әр өңірде 2000-нан аса спортшы асық атумен айналысады. Сондай-ақ, мектептерде асық ату үйірмесі де өтіп жатыр. Бұл асық ату спортына деген қызығушылық деп ойлаймыз. Ұлттық спорт ол біздің ұлттық құндылығымыз, байлығымыз. Атадан қалған мұраны жалғау біздің міндетіміз.

Асық ату спортында халықаралық талаптарға сай ереже бар ма?

Әрбір спорттың ережесі секілді асық атудың да өзіндік халықаралық талапқа сай бекітілген ережесі бар. Сол стандартпен жүреді, соған сай жарыстар өтеді. Асық ату өздеріңіз білетіндей шеңберде ойналады. 15 асық тігіледі. Ататын арнайы сызығы мен сақасы бар. Асық шеңбердің ішінде қалып қоятын жерлерінде өздерінің аталымдары болады. Асық ату ешқандай спорт түріне ұқсамайтын төл ойынымыз. Ереже бойынша бір-бір адам қарсылас болып ойнайды. 15 асықтың 8 асығын кім уақытынан бұрын шығарады сол жеңімпаз атанады. Негізі уақыт бекітіледі. Яғни ересектерге 15 минут, жасөспірімдерге 10 минут беріледі. Екі кезең ойналады. Сол екі кезеңде аталған уақыт ішінде 8 асықты шығарып үлгеру керек болады.

Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Дайындық қалай жүріп жатыр?

Бұл жарысқа алғаш рет асық ату ойыны кіріп отыр. Бұған дейін әлемдік жарыстар өткізілді. Айтар болсақ Румынияда Әлем кубогы, Түркия елінде Еуразия кубогы болды. Қазіргі таңда елімізде ғана емес, шетелдің 30-ға жуық мемлекетінде асық ату ойыны жақсы қолға алынып, жарыстар ұйымдастырылып жатыр. Бұдан 10 жыл бұрын бұл спорт кенжелеп қалған еді. Қазір керісінше бұл спорттың даму қарқынды жақсы қолға алынып жатыр. Асық атумен айналысқысы келетіндердің де қатары көбейген. Енді көшпенділер ойыны біз үшін үлкен ірі жарыстардың бірі. Сондықтан барымызды салып жақсы өнер көрсетеміз. Құраманың да дайындығы жоғары деңгейде деп айтуға болады.

Ұлттық құрама деп айтып қалдыңыз. Қалай жасақталды?

Ұлттық құрмада ҚР чемпионатын жеңіп алған спортшылар бар. Нәтижесі мен көрсеткен жетістігіне қарай іріктеліп алынды. Әр жас ерекшелікте 12 адамнан құралған. Бізде 6 жас ерекшелігі бар. Ұлттық құрама ойыншылары 2021 жылы Түркияның Анталья қаласына оқу-жаттығу жиынына барып келді. 2022-2023 жылдары Румынияда өткен Әлем кубогына 8 спортшы барды. Спортшыларымыздың әлемдік деңгейде өнер көрсететін тәжірибелері жеткілікті. Осы жылдың басында Алматы қаласында оқу-дайындық жиынына барды. Сол жерден V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын құрамамыз жасақталды. Үздіктер белгілі болды. Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Дайындық өткізіле береді.

Асық ату ойынында қай ел бәсекелес деп айта аласыз?

Бәсекелес деп Қырғызстан, Моңғолия және түркі мемлекеттерін айтар едім. Саха мен якуттар мықты ойнайды. Румыния мемлекеті де қалыс қалар емес. Артымыздан табан тіреп келе жатқан елдің бірі. 1-2 жылда олар да жоғары қарқынды түрде жұмыс істесе біздің деңгейімізге жетеді.

Сұхбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы