Ұлттық қорға 2,9 трлн теңге түсім түсті – Ғалымжан Пірматов

14 Маусым 2022, 11:41
1322
Бөлісу:
Ұлттық қорға 2,9 трлн теңге түсім түсті – Ғалымжан Пірматов
Фото: Sputnik

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлімдеді. 

Айтуынша, жалпы халықаралық резервтер биыл мамырдың соңында 86,5 млрд долларды құраған. 

Ұлттық банктің алтын-валюта активтері жыл басынан бері валюталық интервенциялар, екінші деңгейлі банк шоттарындағы қалдықтардың және сыртқы борыш бойынша төлемдердің есебінен 1,6 млрд долларға төмендеп, 32,8 млрд доллар болды. Ұлттық қордың активтері 53,8 млрд доллар болды. Республикалық бюджетке 1,9 трлн теңге трансферт бөлу үшін биыл 5 айда 2,3 млрд долларға валюталық активтер сатылды, - деп атап өтті Ұлттық банк басшысы. 

Сонымен қатар ол Ұлттық қорға түскен түсімдерге тоқталып өтті. 

Мұнай бағасының айтарлықтай өсуі аясында Ұлттық қорға түсетін түсімдер өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,5 есеге жуық ұлғайып, жыл басынан бері 2,9 трлн теңге болды. Ұлттық қордың орташа жылдық кірістілігі құрылғаннан бастап 2022 жылдың 31 мамырына дейін 3,24% болды. Соңғы 5 және 10 жылдағы кірістілік жылдық мәнде, тиісінше, 2,3 және 1,75% болды, - деді Ғалымжан Пірматов. 

Белгілі болғандай, қордан республикалық бюджетке трансферттер бөлу үшін ай басында 4 млн доллар сатылған.  

Ұлттық банк болып жатқан жағдайдың дамуы мен олардың нарыққа ықпалын өз уақытында қадағалап, санкциялардың еліміздің қаржы жүйесіне әсер ету дәрежесін бағалап отырады. Баға мен қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауды жалғастырады, - деді Ұлттық банк төрағасы. 

Өзгелердің жаңалығы