Қазақстан студенттері альянсының төрағасы Ілияс Түстікбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысының барлық жағдайдан хабардар екенін, халықтың мұң-мұқтажын, сұранысын білетіндігі, заманға сай шешімдер қабылдағаны Жолдаудан көрініп тұр. Ұлттық қордан балалардың есепшотына қаржы аударып отыру күтпеген жаңалық болды. Бұл ақша балалардың үлкен өмірге қадам басуына өз септігін тигізеді деп ойлаймын. Кәмелетке толғанға дейін ол ақшаны шешіп ала алмайды, бірақ 18 жастан кейін үй алуға, білім алуға жұмсай алады. Жастардың қазіргі өзекті мәселелері – білім алу, жұмысқа орналасу, үй алу, үйлену. Президент бастамасының нәтижесінде жастарымыздың бірқатар мәселесі шешіледі деген ойдамын, – деді Ілияс Түстікбаев.
Қазақстан студенттері альянсының төрағасы Мемлекет басшысының жастар арасында синтетикалық есірткінің таралу мәселесін дер кезінде көтергенін атап өтті.
Синтетикалық есірткілер қазіргі таңда жастардың ғана емес, жалпы халықтың арасында кең тарап, заманның өте өзекті мәселесіне айналды. Қоғамдық орындарда, әлеуметтік желілерде, адамнан-адамға, қолдан-қолға тез таралатын және тез таба алатын дертке айналды. Президент Есірткі бизнесін жоюға, жастар арасында тәуелділікпен күресуге арналған кешенді жоспар әзірлеуді тапсырды, – деді сарапшы.
Ілияс Түстікбаев жастарға кәсіпкерлікпен айналысуға жылдық өсімі 2,5 пайыздық несие беру, келер жылы 100 мың жасқа жұмыс орын беру секілді жастарды жұмыспен қамту шараларын күн тәртібінен түсірмеу керек екенін атап өтті.
Нарық заманында бизнеспен айналысқысы келетін жастарымыз өте көп. Аз пайызбен несие беру өз ісін дөңгелетіп әкетуге септігін тигізеді. ЖОО-да білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыздық несие бер де оң шешім болып отыр. Соңғы жылдарда жалпы білім саласында күрделі реформалар қабылданып, жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде білім сапасы да артып келеді. Соған сәйкес енді оқу ақысы да артады. Алайда бұл тұрмысы төмен азаматтардың білім алуына кедергі келтіруі мүмкін, сол себепті өсімі аз несие оларға көмектеседі деген ойдамын. Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Дамыған елу оқу орнында білім гранты деген жоқ. Студенттер тек ақылы бөлімде немесе оқу орындарының жекелей гранттары негізінде оқиды. Білім саламыз соған бет бұрып келе жатыр деген ойдамын. Сапалы білім болғанда ғана сапалы маман даярланып шығады, – деді Ілияс Түстікбаев.