Ұлттық палата сүт саласын дамытудың 15 жылға арналған бағдарламасын әзірлеуге дайын

2 Ақпан 2023, 12:46
1077
Бөлісу:
Ұлттық палата сүт саласын дамытудың 15 жылға арналған бағдарламасын әзірлеуге дайын
Фото: Хабар24

Қазақстанда 30 жыл бойы сүт саласын дамытуға арналған бағдарламалар ішкі нарықты 100% қамтуға кепіл берген. Алайда іс жүзінде әлі күнге дейін импортқа тәуелдіміз. Мәселен, өткен жылы 400 млн долларға дейін сүт өнімі сырттан келді. Ұлттық палата сарапшылары жағдайды түбегейлі өзгертуге болады деп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ол үшін ұзақ мерзімге жоспарланған, үкіметтегі ауыс-түйіске, сыртқы факторға тәуелді болмайтын бағдарлама әзірлеуге де дайын және кәсіпкерлерден ұсыныс күтеді.

Сүт саласының қазіргі жағдайы және қандай бағдарлама болатынын ҰКП Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев айтып берді.

Нағыз патриоттар: сүт саласының қызығы мен шыжығы

Қазақстан – сүт өнімдерін көп тұтынатын елдің бірі. Сүт саласы – ауыл шаруашылығын дамыту драйверлерінің бірегейі. Бұл салаға келетін кәсіпкер үздіксіз процесс пен дамуға дайын болуы керек.

Елімізде сүт саласының ауыл шаруашылығы экономикасындағы үлесі зор. Жыл сайын сүт саласы 500 млрд теңгеге жуық өнім өндіреді. Әрине, бұл – экономикаға қомақты үлес. Ауыл шаруашылығы – ауылда жыл бойы жұмыспен қамтуды қамтамасыз ететін сүт-тауар фермалары. Оның үстіне бұл фермерлер үздіксіз дамып, саласын жаңартып отырады. Жерді ең көп пайдаланатын шаруалар. Ал, «Атамекен» қабырғасында біз оларды «нағыз патриоттар» дейміз. Өйткені сүтпен айналысу өте қиын. Жылына 365 күн үздіксіз процесс. Сүт саласындағы танымал кәсіпкер Иван Адамович Сауэр кім сүтпен айналысқысы келсе, алдымен тік тұрып, ұйықтап үйрену керек деген болатын. Жұмысшылардың біліктілік деңгейі, техникалық қамтамасыз ету деңгейі – бәрі жоғары деңгейде болуы керек. Жаңа технологияларды енгізу қажет. Бір орында тұрмайтын процесс. Малдың жем-шөбінің сапасы, есеп-қисапты реттеу деген өндіріске аса жауапкершілікпен қарауды қажет ететін жұмыс. Сондықтан бұл жұмысты кез келген адам дөңгелетіп әкете алмайды. Осынша қиындыққа дайын болу керек, – деп баяндады Ербол Есенеев сүт саласындағы фермерлердің жұмысы жайлы.

Сүт саласының қазіргі ахуалы: импортқа тәуелділік

Сүт саласына инвестор болғысы келетін кәсіпкерлер кемде-кем. Себебі құйған қаржысының қарымын он жылдан кейін көруі мүмкін. Ал, көптеген кәсіпкер мұндай тәуекелге бара бермейді.

Өкінішке қарай, айтарлықтай өсім бар деп айта алмаймыз. Елдегі белгілі бір өніммен салыстырғанда өзімізді жақсы деңгейде қамтамасыз етіп отырмыз деуге болатын шығар. Бірақ біз әлі күнге дейін импортқа тәуелдіміз. Мәселен, өткен жылы 400 млн доларға дейін сүт өнімін сырттан әкелдік. Мұны өзіміз де дайындай алатын едік. Себебі сұраныс жоғары. Алайда қазір жағдай осындай. Сондай-ақ, нарықта контрафактілер көп. Оның үстіне бұл салаға ақша құйғысы келетін инвесторлар аз. Себебі бұл сала – құйған қаржысын он жылдан кейін игере алатын бизнес. Яғни, қаржыны ұзақ жылдар үшін жұмсауға дайын инвесторлар көп емес, – деді Ұлттық палата сарапшысы.

Сүт саласы қай секторда: жоғары, орта немесе жеке шаруашылық саланың дамуында драйвер болуы мүмкін

Елімізде мал өсіретін және сүтті өңдейтін кәсіпкерлер аздық етеді. Маман көрші мемлекеттің алға кеткенін баяндап, мәселенің мәнін түсіндірді.

Жалпы, біздің нарықта 800-ге жуық шаруа қожалығы жұмыс істейді. Оларда жалпы саны 100-140 мыңға жуық мал бар. Олардың жартысы тұқымды малдың есебінен деуге болады. Өкінішке қарай, мұндай масштаб аздық етеді. Экономикаға салсақ, басқаша болуы керек. Тиімділік 300 және одан жоғары мөлшерден басталады. Мысалға, Ресейді қарайық, олар ілгері кетті. Ресейде мал саны 1,2 мыңнан аз болса, сүт фермаларын пайдалануға бермейді. Ал бізде мыңнан аса малы бар 45-ке жуық шаруашылық бар. Бұлар енді біздің лидер кәсіпкерлеріміз. Дегенмен перспектива бар. Жаңа технология, мемлекет тарапынан ұзақмерзімді бағдарламалар, қомақты қаржы және ең бастысы, мемлекет тарапынан дұрыс саясат керек. Біздің елде жоспар жыл сайын өзгеретінін білесіздер. Ал, бұл салаға инвестор болғысы келетіндер қызметін 10-15 жылға жоспарлауы керек. Ол үшін мемлекет тарапынан да ұзақ мерзімге жоспарланған қолдау кере, – деп қосты Ербол Есенеев.

Сала дамуы мүмкін бе: статастика не дейді

Жағдай мәз емес. Сарапшының айтуынша, соңғы деректерге сүйенсек, елде 6,3 млн т сүт сауылған. Бірақ бұл санға сенуге болмайды. Себебі мұны екі-үш рет бөлуге болады. Өйткені іс жүзінде 1,9 млн т сүт өңдеуге жіберіледі. Ал статистика үшін жазылатын қалған сүт жеке шаруашылықтарға тиесілі. Бұл – сүт жоқ деген сөз. Оның сапасына мән берсек, тіпті нашар күйде қаламыз.

Сондықтан бұл қызметтің болашағын жоспарлау үшін бизнестің, үкіметтің «көзін ашу» керек және сандарды түзету керек. Бір-бірімізді алдамау үшін статистиканы реттеген жөн. Сүт дәл сол өндірістік өңдеуге жетпейді. Сүттің сапасына қатысты да мәселе бар. Жеке шаруашылықтар шығаратын сүттің құрамы тексерілмейді. Ондағы антибиотиктерді, соматикалық жасушылардың құрамы қадағаланбайды. Яғни біз оның кім шығарғанын білмейміз. Қандай жағдайда сауылғанынан бейхабармыз. Оның үстіне жазда сүт бар, қыста жоқ. Сол себепті барлық мәліметті ортаға салып, талдау маңызды. Саланың дәл қазіргі жағдайын ашық айтып, алдағы даму жоспарын жасау құру керек, – деп бөлісті Ұлттық палата өкілі.

30 жылдағы жалған статистика: мұның бәрі фейк

Ербол Есенеев салаға қатысты жазылған құжаттардың шикілігі мен жалған статистикасына қынжылды. Оның үстіне үкіметте ауыс-түйіс болып, министр жаңарса, жаңа бағдарлама пайда болатын ешкімге керексіз үрдістің кесіріне тоқталды.

Біз сүт саласында тәуелсіздік алғаннан күннен бастап жасалған барлық құжатты зерделедік. Көп құжат жазылған. Барлық жерде өзімізді 100% қамтамасыз етеміз деп жазылған. Бірақ мұның бәрі – фейк. Нақты жағдайды айту керек. Өкінішке қарай, министрлер жиі ауысады, содан кейін бағдарламалар да өзгереді, – дейді маман.

Ешкімді алдаудың керегі жоқ: бизнес саланы дамытуға арналған бағдарлама жазуға дайын

Сарапшы сүт саласын дамытудың 15 жылға арналған бағдарлама керегін алға тартты. Бұл үкімет үшін де, бизнес үшін  қалай әрекет етуге бағыттайтын нұсқаулық болады.

Ешкімді алдаудың керегі жоқ. Қай жерде тұрғанымызды нақтылап, сүт-тауар фирмасы үшін оңтайлы форманы белгілеу керек. Ішкі нарық үшін не істеуіміз керек? Қайда сата аламыз? Өйткені, өкінішке қарай, баланс жоқ. Жобаға қаржы бөлінгенімен, жұмысы жүйеге қойылмаған. Суармалы су бар ма, мұны әкімдік шешу керек. Көңді биогаз құрылғыларымен өңдеу қарастырылған ба? Өндірістегі жұмысты жүргізетін мықты мамандар бар ма? Яғни, әңгіме шаралардың кешені туралы болып тұр. Ал, біз «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ретінде бұл бастаманы өз міндетімізге алуға дайынбыз. Алдағы 2-3 айда арнайы бағдарлама жазуды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмысқа сүт өндірушілерді, өңдеушілерді, асыл тұқымды мал өсіретін бизнес өкілдерін жұмылдырамыз. Олардың пікірі ескерілуі керек. Бұл жауапкершілікті өзімізге алуға дайынбыз. Халық та риза болады, себебі олар үшін сапалы өнім шығарылады. Қажетті көлем болса, бағасы да нарыққа сәйкес болады. Сонда тұтынушы ретінде де ұтылмаймыз. Өңдеушілерге тоқталсақ, қыс пен жазда өңдейтін сүт көлемінің айырмашылығы 10 есе. Сондықтан өңдеушілер әрдайым сапалы шикізатқа және оның тұрақты болуына мұқтаж. Оның үстіне олар ауылдағы әлеуметтік жауапкершілігі жоғары кәсіпкерлер. Кадрлары тұрақты жұмыс істейді. Сондай-ақ, ірі салық төлейтін де солар. Сол себепті мұндай жұмыстан ешкім зардап шекпейді, бәрі ұтады, – деп толықтырды Ұлттық палата өкілі.

Жобалық кеңсе: кәсіпкерлерден ұсыныс күтіледі

Сарапшының айтуынша, Ұлттық палата жобалық кеңсе ашуды жоспарлап отыр. Көптеген сарапшыны жұмылдыруды алға қойған.

Осы бағытта позициясы бар, қандай да бір ой-жоспары бар, көзқарасы бар кәсіпкер болса, бізге хабарласуын сұраймыз. Барлық пікірді ескеріп, 15 жылға арналған ұзақмерзімді бағдарлама әзірлеуге даярмыз. Қазір біз шамамен индикативтер қандай болуы керегін анықтап қойдық: 15 жылдан кейін 9 миллионға жуық тонна сүт шикізатын алу. Нарықтың жаңа бағыты. Соңғы жылдардағы оқиғаларға қарап, тек өзімізді қамтып қоймай, сапалы өнімді экспорттай алатынымызды да көрсетті. Орталық Азияда мұндай ресурс жоқ. Бізде бар, – деп шақырды бизнесті Ербол Есенеев.

Ауыл шаруашылығы министрлігі қолдайды

«Ауыл шаруашылығы министрлігі біздің бастамаларымызды әрдайым қолдайды. Сондықтан бұл – бизнестің бастамасы. Ешқандай кері көзқарас жоқ, болмаған және болмайды. Сондықтан жұмысты ұйымдастырып, нәтижесін үкіметке, бизнеске көрсетіп, жоспарға сәйкес жүруге дайынбыз», – деді маман.

Бағдарлама қашан іске асырылады

Ербол Есенеев бағдарламаны неғұрлым ерте енгізу жоспарланғанын қосты. Себебі алдағы жылдарға даму жоспарын анықтау маңызды.

Өңірлерге талдау жасап, тиімді жолды бекіту керек. Ғылымның шешімін талдау керек. Өкінішке қарай, ғылым бизнес қоятын талаптарға әрдайым жауап бере алмайды. Өз өндірісіміз, өз малымыз болу керек. Жем-шөппен қамтамасыз ету үшін жеткілікті мөлшерде суармалы жерлер қажет. Сондықтан сұрақ көп. Осы процеске кіріскеннен кейін әрі қарай ауқымы ұлғаяды деп ойлаймын және тек «сүтпен» тоқтап қалмайды. Ұлттық палата барлық салаға осындай даму жоспарын әзірлеуді көздеп отыр. Сондай-ақ, оған үкіметтегі ауыс-түйіс те, сыртқы факторлар да әсер ете алмайтындай болады. Бұл осы саладағы кәсіпкерлердің іс-қимылына арналған және мемлекетке осы жобаларға қатысу мүмкіндік беретін бағдарлама болады, – деп түйіндеді Ұлттық палата сарапшысы.

Өзгелердің жаңалығы