Ұлттық конкурсқа өтінім беру мерзімі ұзартылды

2 Тамыз 2022, 14:25
1840
Бөлісу:
Ұлттық конкурсқа өтінім беру мерзімі ұзартылды

«QAZAQSTAN PROJECT MANAGEMENT AWARDS-2022» ұлттық конкурсына өтінім беру мерзімі 15 тамызға дейін ұзартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бүгінгі таңда конкурсқа қатысуға 171 өтінім келіп түсті. Оның 147-і – мемлекеттік органдардан, ЖОО-дан – 4, квазимемлекеттік сектордан – 11, үкіметтік емес ұйымдардан – 7, бизнестен – 2,-деді жоба жетекшісі Гүлжан Ауданбай.       

 «QAZAQSTAN PROJECT MANAGEMENT AWARDS – 2022» III ұлттық конкурсы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ мен «Қазақстандық экономикалық бастамалар қоры» КҚ-ның қолдауымен өткізіледі. Конкурс келесідей бірнеше кезеңнен тұрады: конкурсқа қатысуға өтінімдерді қабылдау, есептерді жинау, конкурсқа қатысушылардың асессорлармен виртуалды сұхбаты және жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне қатысу үшін финалистердің презентациялары мен бейнероликтерін дайындау.   

Сондай-ақ Гүлжан Ауданбай конкурс номинациялары негізгі және арнайы болып екіге бөлінетіндігін жеткізді. 

Конкурс аясында мынадай негізгі үш номинация бойынша жеңімпаздар анықталады: «Жылдың үздік жобасы», «Жылдың үздік жоба менеджері», «Жылдың үздік жобалық кеңсесі». Сондай-ақ, келесідей арнайы номинациялар қарастырылған – «Үздік РМ-тренер», «Балаға мейірімді үздік жоба». Биылғы жылы тағы бір арнайы номинация «Мемлекеттік аппараттың қызметін жетілдіру бойынша үздік жоба» номинациясы енгізілуде, оған қатысушылар бюрократияны қысқартуды, жүйелі реинжинирингті және ішкі рәсімдер мен процестерді оңтайландыруды ынталандыратын жобалық идеяларды ұсынуы тиіс,-деп атап өтті ол.

Естеріңізге сала кетейік, «Жылдың үздік жоба менеджері» номинациясы бойынша жеңімпаздар Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын Сапа» сыйлығын тапсыру рәсімінде марапатталады.             

Айта кету керек, «QAZAQSTAN PROJECT MANAGEMENT AWARDS» ұлттық конкурсы халықаралық қоғамдастықтың жоғары бағасына ие болды және 2021 жылы IPMA «Global Project Excellence Awards» дүниежүзілік жобалар байқауының алтын жүлдегері атанды.      

 

Өзгелердің жаңалығы