Алматыда «Ұрпақ тәрбиесі: балалар контенті және медиасауаттылықты арттыру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Алматы қаласындағы басылымдары ұйымдастырды.
Жиынға балалар жазушылары, салалық басылымдардың редакторлары, журналистер мен кітапхана саласының өкілдері қатысты.
Кездесуде балаларға арналған заманауи мерзімді басылымдар мен әдебиетті дамыту, сапалы ұлттық контент қалыптастыру, медиасауаттылықты арттыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.
Қатысушылар қазақ фольклорындағы кейіпкерлерді комикс пен анимация форматында жаңғырту, ғылыми-танымдық контентті көбейту, кітап иллюстрацияларының сапасын арттыру, сондай-ақ авторлар мен оқырмандар арасындағы байланысты нығайту жөнінде ұсыныстар айтты.
Дөңгелек үстелде балалардың ақпаратпен дұрыс жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға да ерекше назар аударылды. Мамандар өскелең ұрпақты ақпаратты талдауға, дереккөздердің сенімділігін сыни тұрғыдан бағалауға және сапалы контентті ажырата білуге үйретудің маңызын атап өтті.