Ұлттық ұлан сарбазы мен тәртіп сақшысы екі баланы өрттен құтқарды

20 Мамыр 2021, 19:43
1857
Бөлісу:
Ұлттық ұлан сарбазы мен тәртіп сақшысы екі баланы өрттен құтқарды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырауда Ұлттық ұлан "Батыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты 5546 әскери бөлімнің жауынгері сержант Шалқар Сабырғалиев  полицейлермен бірге екі баланы түтіннің құрсауынан құтқарды.

Оқиға мамырдың 19-ы күні орын алып, Қонаев көшесіндегі үйлердің бірінен түтін шыққан болатын. Кіші сержант Шалқар Сабырғалиев  қызметке бара жатып, қою түтін мен жанған электр сымдарын байқап, тез арада өрт сөндіру қызметіне хабарлайды. Содан кейін өзі  құтқару жұмыстарына кіріседі. Кіреберіске жақындаған кезде балконнан бір әйел көмек сұрағанын байқайды.

Бұл сәтте қою қара түтін кіреберісті толық басып қалыпты. Бұл мезетте көмекке полиция қызметкері Салауат Карабаев та келіп үлгереді. Өрт сөндірушілер келгенше тәртіп сақшылары жоғарыға көтерілмек болады. Алайда олардың жолын түтін бөлейді. Сол кезде Шалқар қарама қарсы тұрған үйіне барып, газтұтқышын алып келеді.

Оның көмегі арқылы ұландық бесінші қабатқа көтеріліп, сондағы пәтерлердің біріне кіреді де, үй иесімен көрші пәтерге балкон арқылы өтеді. Көршілердің айтуынша, түтін шыққан пәтерде екі жасар және бір айлық бала бар екен. Көрші пәтерге полиция қызметкері де көтеріліп, екеуі екі баланы түтін басқан пәтерден қауіпсіз жерге алып шығады. Қалған тұрғындарды өрт сөндірушілер эвакуациялайды.

Мен өзімнің міндетімді орындадым. Менің орнымда кез келген адам осылай жасар еді деп ойлаймын. Қауіпті жағдайда қол ұшын созып, көмек беру – біздің қасиетті міндетіміз, – дейді кіші  сержант Шалқар Сабырғалиев.

Өзгелердің жаңалығы