Ұлттық қорда қанша қаржы қалды?

4 Қараша 2021, 13:07
929
Бөлісу:
Ұлттық қорда қанша қаржы қалды?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «Желмая» жобасында айтты.

Ұлттық қор экономикамызды тұрақтандыруға бағытталған қаржы көзі. Қазір онда 27 трлн-нан астам қаражат бар, валюталық жағынан 55 млрд АҚШ доллары бар деген сөз. 2020 жыл тек Қазақстан үшін емес, әлем үшін ауыр болды. Былтыр біз коронавируспен күреске бюджеттен 1 трлн теңге қаржы бөлдік. Бұл – өте қомақты қаражат. Әрине, Ұлттық қордың көмегі болмаса, экономикалық жағдай өте ауыр болар еді. Бюджетіміз де орындалмайтын еді, - деді Жамаубаев.

Қаржы министрі атап өткендей, былтыр тек кепілдендірілген трансферт ретінде 4,8 трлн қаражат алынған.

Бұл аяқ асты, жоспарланбаған жағдай болды. Парламент, халық алдында есеп бергенде де оны ескеріп, түсіндірдік. Бірақ биылдан бастап қаражат көлемі күрт азайды. Биыл кепілдендірілген трансферт көлемі 2,7 трлн болды. Келесі жылдан бастап оның көлемі азаяды. Бұл экономиканы жандануына, салалардың қалпына келуіне байланысты жүзеге асырылады, - деді министр.

Жамаубаевтың айтуынша, пандемия кезінде құрылыс, сауда саласының қызметінде кедергілер болды.

Қазір бұл салалар кезеңдеп жанданып келеді. Сондықтан Ұлттық қордан алынған қаржыны азайта береміз. Барлығы жақсы болса, мүлдем алмауға да болады. Соған біртіндеп келуіміз керек, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы