Ұлттық кеңесте Ішкі істер органдары жүйесіндегі реформа талқыланды

7 Желтоқсан 2021, 19:20
1137
Бөлісу:
Ұлттық кеңесте Ішкі істер органдары жүйесіндегі реформа талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада ҚР Президентінің көмекшісі, Ұлттық кеңес хатшысы Ерлан Қариннің төрағалығымен Ұлттық кеңес мүшелерінің Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевпен кездесуі өтті. 

Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Бәшімов Facebook-тегі парақшасында кездесу ішкі істер органдары жүйесіндегі реформа, Полицияның сервистік моделі жобасының жүзеге асырылуы жайлы болғанын жазды. 

Ерлан Тұрғымбаевпен кездесуде мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара байланысының тиімділігін одан әрі арттыру, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «еститін мемлекет» қағидаттарын жүзеге асыру, «әділ қоғам және тиімді мемлекет», Ішкі істер министрлігіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері және проблемалық аймақтар, жұртышылқпен жұмыс бөлімдері, учаскелік жұмыс, барлық процестерді цифрландыру, полиция қызметкерлерінің құқықтық дайындығын арттыру, ҰПМ жүйесі, қылмыстық-атқару жүйесі және басқа да мәселелер көтерілді, - деп жазады саясаттанушы.

Жиынға қатысқан ҚР АҚДМ қарасты Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев те Facebook желісіндегі парақшасында бүгінгі отырыста айтылған жаңашылдықтар жайлы жазды. Оның айтуынша, Сервистік полиция жобасы аясында тәртіп сақшыларының формасы өзгереді. 

Сервистік полиция ЕҚЫҰ сарапшыларының қатысуымен жүзеге асырылуда, 100 мың халыққа шаққанда полицейлер санының 11%-ға қысқаруының арқасында біз Шығыс Еуропа елдерінен бір деңгей төмендедік. Жаңа форма қызықты және функционалды екен. Фуражканың орнына бейсболка, етіктің орнына кроссовка киеді. Ұсталғандардың кездейсоқ жарақаттануын болдырмау мақсатында погондар, мен түймелер металлдан жасалмайды. Негізінде, бәрі әдемі естіледі және сенім мен үміт ұялатады. Енді көре жатармыз, - деп жазады саясаттанушы.

Сондай-ақ ол Нұр-Сұлтан қаласында іске қосылған бейнебақылау құрылғылары жайлы да ақпарат жазды. 

Бір ғана елордадағы Жедел басқару орталығында 150 мыңға жуық камера іске қосылған, енді жекеменшік және түрлі ұйымдарда 450 мыңдай камера іске қосу жоспарланған. Бүкіл республика бойынша мектептердің 100%-ы бейнебақылау жүйесімен жабдықталған, олардың үштен бірі де Жедел басқару орталығына қосылған. Полиция бөлімшелері, уақытша ұстау изоляторлары мен колониялар да бақылауда, - дейді Талғат Қалиев.
Өзгелердің жаңалығы