Ұлттық экономика министрлігі неліктен орыстілді шенеуніктерге толып кетті

16 Ақпан 2021, 14:23
3368
Бөлісу:
Ұлттық экономика министрлігі неліктен орыстілді шенеуніктерге толып кетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жақында Мәжілісте Ұлттық экономика министрі болып жаңадан тағайындалған Әсет Ерғалиев мемлекеттік тілде сөйлемегені үшін сынның астында қалған еді. Бірақ министр ол сыннан сабақ алмаған секілді, өзімен бірге мемлекеттік тілге шорқақ вице-министрлерді жинай бастады...

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарған Әлішер Әбдіқадыров осы аптадан бастап Ұлттық экономика вице-министрі қызметіне кірісті. Оның бұған дейін Қарағандыда қазақша сөйлегенін аса көп байқамаған едік. Үнемі жиналыстарда баяндамаларын орысша оқып, сауалдарға орыс тілінде жауап беріп жүретін. 

Алматы қаласында дүниеге келген Әлішер Елісұлы министр Әсет Ерғалиевпен түйдей құрдас. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде білім алған. 

Ал бүгін Ұлттық экономиканың бірінші вице-министрі қызметіне Тимур Жақсылықовтың тағайындалғанын естідік.

Тимур Мекешұлы да Шығыс Қазақстанның қазағы аз Глубокое ауданында дүниеге келген. Әріптесі Әлішер Әбдіқадыров секілді М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде тәлім алған. Оның үстіне, соңғы жылдары Ресейде қызмет атқарды. Еуразиялық экономикалық комиссияның экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі лауазымында болды. Жиналыстарда, тілшілердің сауалдарының барлығына орысша жауап беретін шенеуніктердің бірі.

Неліктен аты «ұлттық» деп аталатын министрлік мемлекеттік тілге қырын қарайды? Жалпы, осы ведомствоны басқарғандардың ішінде соңғы жылдары қазақша жарытып сөйлеген ешқайсысы жоқ. Бұған дейін министр болған Руслан Дәленов те, оның алдындағы Тимур Сүлейменов те қазіргі Ерғалиевпен қазақшасы шамалас болатын. 

Оңтүстік өңірде дүниеге келген Қуандық Бишімбаев та көбінесе орысша сөйлегенді жақсы көретін еді. Осы күні Ұлттық банкті басқарып жүрген Ерболат Досаев та бір кездері елдің бас экономисі болған. Бірақ қазақшасы әлі күнге жақсарған жоқ.

Сонда Ұлттық экономика министрлігі, жалпы ведомстволар мемлекеттік тілде мүдірмейтін маманға қашан жариды?.. 

Өзгелердің жаңалығы