Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы AdalBilim алаңында «Еңбек нарығында қазақ-ағылшын тілді мамандар неге аз?» тақырыбын талқылау кезінде А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан айтты.
Қазіргі ғаламдық жаһандық процестерге араласу кезінде аударма ісі, білім беру, медиа салаларында қазақ және ағылшын тілдерін қатар меңгерген мамандардың жоқтығын көріп отырмыз. Тіпті еңбек нарығында екі тілді тең дәрежеде меңгерген мамандарды іздестіріп жатады. Қазір сұраныс бар. Осы мамандардың жоқтығынан 2-3 түрлі мамандарды жалдауға тура келетін проблемалар туындап жатады. Мысалы, қазақшадан орысшаға, орысшадан ағылшыншаға, ағылшыншадан орысшаға деген сияқты. Сәйкесінше, негізгі мағына да жоғалады, - деп атап өтті М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті Басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Мұхамеджан.
А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан талқыланып отырған мәселе өте өзекті екенін, жұртшылық тарапынан қолдау жоғары екенін айтты.
Қазіргі қазақ қауымдастығы өзінің тілінің тағдырына, болашақ ұрпағының тағдырына белсенділікпен қарайтын болды. Бұрынғыдай салғырт қарамайды. Бүгінгі көтеріліп отырған мәселе – тілдік кеңістік. Қандай да бір тілді игеремін десең, өзінің ана тілінің базасында үйренуі тиіс. Егер солай болса, ол тілдік қауымдастық өзінің ядролық мәдени құндылықтарынан ажырап қалмайды. Лингвистикада XXI ғасыр «полиглоттар ғасыры» деп жарияланған. Себебі, тек қана тілтанушы ғана емес, қоғамдық-саяси, гуманитарлық зерттеу бағытындағы ғылымда жүрген мамандар мынадай фактіні айтады: «XXI ғасырда бір тілді қоғам өте сирек кездесетін болады. Уақыт өткен сайын интеграцияланудың, жаһанданудың арқасында екі тілде немесе одан да көп тілде сөйлейтін адамзат баласының өкілі көбейе береді. Олай болса, тілдердің адам баласы санасындағы әсері қандай болады? «Бұл сол адамның болмысын сақтауға, оның рухани саламаттығы болсын, материалдық жағдайын болсын жақсартуға қандай оң жағы бар?» деген мәселе көп ғалымды мазалайды. Кей ғалымдардың айтуынша, көп тілді балаға ерте жастан үйрету керек. Айта кетсем, қазақ, орыс, ағылшын тілдері үш түрлі семьяға жатады. Үшеуінің құрылысы үш түрлі. Типтік ерекшелігі де әр түрлі. Ғалымдардың 70%-і ана тілінің базасында шет тілін үйрету әлдеқайда тиімді, оңтайлы екенін айтады. Баланың басында өзінің тілінің жүйесі қалыптаспай тұрып, өзге тілді оған жүйелі түрде үйрететін болсаңыз, екі тілдегі компетенцияны толық қалыптастыра алмайсыз. Сондай-ақ, баланың санасында тіл арқылы ғана қалыптасатын ұлттық бірегейлік құбылысы дамымай қалады, - деп атап өтті институт директоры.Оның айтуынша, тіл арқылы ғана ұлттық бірегейлік қалыптасады.
Ұлттық бірегейлік дегеніміз не? Бала өзін қандай да бір мәдени ұлттық немесе мәдени тілдік қауымдастықтың өкілі ретінде танып үлгеруі керек. Мысалы, бала өзінің қазақ екенін түсінуі керек. Балалардың бойында ұлттық бірегейлік 9-12 жас аралығында қалыптасады. Ол қалыптаспай, балаға шет тілін жүйелі түрде оқытуға болмайды, - дейді маман.
Еске сала кетейік, «LINGVA TEN» тіл үйрету орталығының директоры Владислав Тен қазақтілділердің ағылшын тілін үйренуі үшін көп уақыт кетеді деген пікірде екенін айтқан болатын.