Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Үлкен ауылын ауқымды өзгеріс күтіп тұр": АЭС салынатын өңірде индустриалды аймақ құрылады

5 Маусым 2025, 09:03
1034
Бөлісу:
 BAQ.KZ  коллаж BAQ.KZ
Фото: BAQ.KZ коллаж BAQ.KZ

Алматы облысының Үлкен ауылында жақын уақытта атом электр станциясы бой көтереді. Қазір қазақстандықтар ауқымды құрылыстың басталуын асыға күтіп жүр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Үлкен ауылы Жамбыл ауданының солтүстік-шығыс бөлігінде, аудан орталығы Ұзынағаштан 289 шақырым қашықтықта, Балқаш көлінің жағалауында орналасқан. Ауылдың жалпы ауданы 7 гектардан астам аумақты құрайды.

АЭС-ті не себепті Үлкен ауылында салады?

Бұл аймақтың таңдалуының басты себебі – Балқаш көлінің жанында орналасуы, бұл су ресурстарының молдығы реакторларды салқындату үшін маңызды. Осы ретте қоғамда Балқаштың суы АЭС жұмысын қамтамасыз етуге жетпейді деген пікір бар. Эколог маман Лаура Маликованың сөзінше, бұл жерде 1200 МВт қуаты бар АЭС-ке қанша су қажеттігіне қарау керек.

АЭС қолданысқа берілген бастапқы кезеңде су жеткілікті болады, себебі Балқаш үлкен көл. Оған су Іле өзенінен ағып толады. Ал Іле Қытай елінен бастау алады. АЭС-тің 60 жыл жұмыс істейтін ескеретін болсақ, көрші мемлекетпен осы өзен суы бойынша келісім жасасқан дұрыс болады, – деді эколог.

Мекеме іске қосылған соң Үлкен ауылының флорасы мен фаунасы қандай болады?

Экологтың айтуынша, бұл жерде де мәселе сумен байланысты.

АЭС-тің ауылдың флорасы мен фаунасына ұзақ мерзімді әсері қанша су пайдаланатындығына және герметикалық тығыздығына байланысты болады, – деді Лаура Маликова.

"Үлкен ауылын ауқымды өзгеріс күтіп тұр": АЭС салынатын өңірде индустриалды аймақ құрылады

Ал Ядролық физика институтының жетекші ғылыми қызметкері Бағдәулет Мұхаметұлының шетелдік тәжірибені мысалға келтірді.

Францияның көлемі біздің еліміздің 5/1 ғана алып отыр. Енді анализ жасай келе, ол елдегі 56 реактор флора мен фаунаға әсер ететін болса, онда Францияның жағдайы өте нашар болатын еді. Яғни табиғатына зиян келтіретін уақыт болған еді. Балқаш суы құрып қалмай ма, Үлкен ауылының фаунасы бұзылмай ма деген уайымға келер болсақ, бұл жерде Балқаш суы суыту үшін пайдаланылады. Ол жаңағы радиоактивті элементтермен, радиоактивті сулармен жанаспайды және араласпайды. Яғни үйдегі тоңазытқыштардың суды суытатын фреон ретінде пайдаланамыз. Сондықтан ешқандай флора мен фаунаға әсерін тигізбейді, – деді ол.

АЭС салыну және қолданысқа берілген уақытта ауылда қанша жұмыс орны ашылады?

АЭС-тің құрылысы кемінде 2-3 мың адамға жұмыс береді. Ал пайдалануға берілгеннен кейін онда кемі 800 адам тұрақты еңбек ететін болады. Үлкен ауылының өмірі өте үлкен жаққа өзгереді. Ол бұрынғыдай кішкентай ауыл болмайды, – деді экономист Айбар Олжай.

Үлкен ауылын жақын келешекте үлкен индустриялық даму күтіп тұр

Оның айтуынша, АЭС сол өңір азаматтары үшін қала, жүйе құраушы ірі мекеме болады. 

Үлкен ауылында түрлі демалыс орындары, саябақтар, ойын алаңдары, дүкендер, ашылып, инфрақұрлымы дамиды. Сәйкесінше, көптеген қаржы көздері тартылып, ауылдың экономикалық белсенділігі артады. Сондай-ақ бизнес сигменттің де тартылуы күтіледі. Тек АЭС қолданысқа берілгеннен кейін ғана емес, мекеменің құрылысы кезеңінде де өзгеріс байқалатын болады. Түрлі жатақханалар, қонақ үйлер салынады деген ойдамын, – деді Айбар Олжай.

Облыс әкімінің тапсырмалары

2025 жылғы наурызда Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Үлкен ауылына жұмыс сапарында ауыл аумағында индустриалды аймақ құруды тапсырды. Бұл аймақ қосалқы және ілеспе бизнестерді, сондай-ақ кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандарды ұйымдастыруға мүмкіндік береді, сонымен қатар мамандар мен жұмысшылар үшін қолайлы жағдай жасайды.

Облыс әкім ауылдағы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударды. Су алу торабын қарап шыққан соң, өңір басшысы үздіксіз сумен жабдықтаудың маңыздылығын атап өтті. Облыс әкімі су құбырлары желілерін кешенді жаңарту жұмыстарын жүргізіп, жол сапасын жақсартуды тапсырды. Бұл ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеруге ықпал етеді.

Үлкен ауылында жеке тұрғын үй жоқ, көпқабатты 31 үй бар, Оның 24-і ауыл округының балансында тұр. 22 үйде адамдар тұрады. Ал қалған үйлерде ешкім тұрмайды. Айта кетерлігі, бұл үйлер 1984-1990 жылдары аралығында салынған. Бос үйлерге қайта қоныстандыру жоспарлануда. Сапар қорытындысы бойынша өңір басшысы бұл мәселені жан-жақты қарастыруды тапсырды. Туризмді дамытуға да ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, жағалау аумақтарын абаттандыру жоспарланып отыр. Бұл өңірдің туристік әлеуетін арттырып, қосымша инвесторларды тартуға мүмкіндік береді.

"Үлкен ауылын ауқымды өзгеріс күтіп тұр": АЭС салынатын өңірде индустриалды аймақ құрылады

Үлкен ауылында қазір қанша адам тұрады?

Ауылдық округ әкімі Кенжемұрат Кесеновтің атап өтуінше, бүгінде елді мекенде тұратын халықытң ресми саны 1 673 адамды құрайды. Бірақ іс жүзінде шамамен 3 мың адам тұрып жатыр. 2024 жылдың басында ауыл тұрғындарының орташа жалақысы 193 800 теңгені құраған.

Үлкен ауылының тұрғындары негізінен балық өнімдерін қайта өңдеумен және саудалаумен, сондай-ақ таяу және алыс шет елдерге экспорттаумен айналысады. Тұрғындар Балқаш көлінен балық аулап, оны өңдейді. Ауылда екі балық кәсіпорны жұмыс істеп тұр. Мұнан бөлек ауылда энергетикалық “KEGOC” АҚ компаниясының филиалы орналасқан. Оның мамандары жергілікті трансформаторлар мен шағын станцияларға қызмет көрсетеді.

АЭС ауылдың қай тұсында салынады?

Ауылдық округ әкімінің сөзінше, АЭС құрылысы тек ауылдың ғана емес, сонымен бірге бүкіл елдің экономикасын дамытуға тың серпін береді.

Ауылға МАГАТЭ-ден және Ұлттық зерттеу орталығынан мамандар келіп, түрлі АЭС салынуы мүмкін жерде түрлі сараптамалар мен зерттеулер жүргізді. Ол орын көлдің жағалауында, ауылымыздан шамамен 2 шақырым жерде орналасқан, - деді ауыл әкімі.

Ауыл әкімі жергілікті тұрғындардың көңіл-күйі жақсы екненін атап өтті. Олардың көпшілігі АЭС жобасының жүзеге асырылуын тағатсыздана күтіп жүр.

Айта кетейік, өткен жылдың 6 қазанында елде жалпыұлттық референдум өтіп, халықтың 71,12%-ы атом электр станциясын салуды қолдады. АЭС салынатын орын Алматы облысындағы Үлкен ауылы болып ресми бекітілді.

Қазір жауапты мердігерді таңдау процесі жүріп жатыр, ол осы жылдың аяғына дейін анықталуы мүмкін. Ал толыққанды құрылыс жұмыстары жобалау кезеңі аяқталған соң басталады деп күтілуде.

Қазір жергілікті тұрғындар ауқымды құрылыстың басталуын асыға күтіп жүр.

Өзгелердің жаңалығы