Үлескер: Есепте бар пәтерлерден екі есе көп пәтер сатылған

5 Тамыз 2019, 18:53
1941
Бөлісу:
Үлескер: Есепте бар пәтерлерден екі есе көп пәтер сатылған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қала әкімі Алтай Көлгінов таңертең проблемалы «Куршавель» тұрғын үй кешенінде болды. Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Мұнда үлескерлердің жалпы саны - 135 адам. Бөлінген жер учаскесінде егжей-тегжейлі жоспарлау және жобалық-сметалық құжаттама жоқ. Тұрғын үй кешені 72 пәтерге есептелген, бірақ 125 пәтер сатылған.

"Біз пәтерлерді 2012 жылдан бері күтіп жүрміз. Аумақта жарық жоқ. Күзетші фонарьмен отырады. Жоба бойынша біздің үй 5 қабатты. Үйдің іргетасы сын көтермейді. Ал 6 және 7 қабаттарда болмаған пәтерлер сатылған. Үйдің іргетасы қосымша жүктемелерге төтеп бермейді", - дейді үйдің үлескерлері.

Құрылыс салушының айтуынша, іргетасты және бағандарды нығайтып, плиталарды жабу жұмыстарын жүргізу керек. Іргетасы 6 және 7 қабаттарды көтермейді - қосымша жер учаскесі бөлінді.

"Үйді ретке келтіру және нығайту жұмыстарын жүргізу керек, сараптамадан өту, инженерлік желілер және абаттандыру жобасын жасау қажет. Әкімдік тарапынан көмек көрсетіледі, бірігіп жұмыс жасаймыз. Аумақта мамандар қазірдің өзінде жұмыс істеуі керек. Ең бастысы - барлық қауіпсіздік шараларын сақтау және құрылыстың сапасын қамтамасыз ету", - деді Алтай Көлгінов.

Жалпы, елордада аяқталмаған 51 нысан бар.


Өзгелердің жаңалығы