Ұландықтар адасып қалған сәбиді ата-анасына апарып берді

29 Мамыр 2021, 19:15
2708
Бөлісу:
Ұландықтар адасып қалған сәбиді ата-анасына апарып берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бала жылап, ата-анасын іздеп тұрған кезінде жаңаөзендік ұландықтар оны тауып алады. 3 жасар балақай көрші ауланың балаларымен ойнап, ата-анасынан адасып қалған екен.  

Баланың жоғалғаны туралы ақпарат Жаңаөзен полициясының Жедел басқару орталығынан келіп түскен. Алдымен балақайдың анасы кішкентайын өзі іздеп көрген. Алайда нәтиже шықпаған соң, тәртіп сақшыларына жүгінген. 

Үш жасар ұлдың сипаттамасы рация арқылы Ұлттық ұланның барлық әскери жасақтарына айтылды.  Баланы іздеуге тәртіп сақшыларының барлық жеке құрамы жұмылдырылды. 

Араға 20 минут салып, патруль бастығы қатардағы  Мардан Юлшиев, патрульшілер қатардағы Асылхан Сейтәлиев пен Николай Жуль Самал шағын ауданында сипаттамаға келетін жылап тұрған баланы байқайды.   

Онымен тілдескен ұландықтар ұлдың аты Арслан екенін және аулада ойнап жүріп, үйін таба алмағанын анықтайды.

Баланы жұбатып, әскери жасақтар бойынша кезекші лейтенант Абылай Сүйіндік ЖБО-на қоңырау соғады. Жаңаөзендегі ата-аналарының телефон нөмірлері табылды.  Олармен хабарласқан соң, мекен-жай анықталып, бала жақындарына қайтарылды. 

Баланың анасы Ұлттық ұланның 5548 әскери бөлімі командирінің атына алғыс хатын жолдады. Сондай-ақ, жедел және кәсіби түрде әрекет еткендері үшін ұландықтарға алғысын білдірді.  

Қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша тапсырманы орныдаған кезінде көрсеткен қырағылықтары үшін барлық әскери қызметшілер әскери бөлім командирінің атынан марапатталды

Ағымдағы жылы Ұлттық ұлан «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлерімен жоғалған 4 бала ата-аналарына аман-есен қайтарылған.  

Өзгелердің жаңалығы