Ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ – Әшімбаев

5 Қаңтар 2021, 16:07
1563
Бөлісу:
Ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ – Әшімбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарық көрген мақаласына байланысты Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пікір білдірді. 

Мемлекет басшысының Egemen Qazaqstan газетіне жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын ерекше ықыласпен оқып шықтым. Президентіміз бүгінге дейінгі жетістіктерімізді ой елегінен өткізіп, алдағы мақсат-міндеттерге назар аударған екен. Мемлекеттілікті нығайту, тәуелсіздікті сақтау, ұлтты ұлықтау бағыттары бойынша тиісті органдарға нақты тапсырмалар да берілген. Сондықтан бұл еңбекті бағдарламалық құжаттың жүгін арқалаған дүние деуге толық негіз бар. Мақалада егемен еліміздің бағыт-бағдары, қоғамды алаңдатқан өзекті мәселелер, жаһандану дәуіріндегі жаңа сын-қатерлер бойынша сұрақтарға нақты жауап берілген. Әсіресе, мемлекеттің жеріне қатысты келтірілген пайымдар халық тарапынан толық қолдау табуда. Мемлекет басшысы атап өткендей, шын мәнінде, бізге осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бұл жер – ежелден қазақтың ата қонысы, қастерлі мекені, - деп жазды ол.
Мемлекеттік тілді дамытуға, қандастар көшін әрі қарай жандандыруға, шекара маңындағы ауылдарды өркендетуге қатысты айтылған ұсыныстар жұртшылықтың ерекше қызығушылығын тудырып отыр. Оған мақала жарияланғалы бері бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде айтылып, жазылып жатқан пікірлер айқын дәлел. Наурыз мейрамын атап өтудің жаңа тұжырымдамасын дайындау бастамасы да халықтың береке-бірлігін нығайту жолындағы маңызды қадам екені анық. Президентіміздің Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беретіні туралы айтқан сөзі де көпшіліктің көңілінен шыққаны даусыз.

Мақалада жазылғандай, биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен бірге азаттықтың ақ таңын жақындата түскен Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығын атап өтеміз. Халқымыздың басынан өткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері де 100 жыл өтті. Сондай-ақ, әлемдік шежіреде теңдессіз шешім болып саналатын Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толады.

Мұның бәрі біздің тарихымыз. Ал тарихты дәріптеу – баршамыздың абыройлы міндетіміз. Сол себепті Президентіміз ұлтымыздың өткеніне тәуелсіз көзқараспен қарайтын кез келгенін, ғалымдарымыз бен тарихшыларымыз бұл бағытта ауқымды жұмыс атқару қажеттігін нақты атап өтті. Осы орайда Мемлекет басшысының фильм түсіру ісінде тарихи тақырыптарға басымдық беру туралы тапсырмасының маңызы зор.

Жасыратыны жоқ, біз ел, жер, Отан туралы сөйлегенде кейде жалаң ұранға бой алдырып жатамыз. Президентіміз мақалада осы мәселеге назар аударып, қазір сөзбен емес, іспен дәлелдейтін кезең екеніне баса мән берген. Соның ішінде қоршаған ортаны қорғауға қатысты айтылған ойлар табиғатты аялауда әр азамат жауапты екенін және әркім нақты іспен үлес қосу қажеттігін анық көрсетеді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы мақалада саяси-экономикалық реформалардың да жүйелі түрде жалғасатынын қадап айтты. Осы бағыттағы ауыл және кент әкімдерін сайлау бастамасы елімізде саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне жол ашады деп сенеміз. Президентіміз айтқандай, біздің мақсатымыз – келер буынға Қазақстанды тұғыры берік, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және сол істерді лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. Мұндай жұмыстарға әрқайсымыз атсалысуымыз қажет.

Осылайша, Мемлекет басшысы аталған мақала арқылы мемлекеттілікті күшейтуге және идеологиялық жұмыстарға қатысты еліміздің алдында тұрған негізгі басымдықтарды анықтап берді. Бұл бағыттағы барлық бастаманы табысты іске асыру үшін Сенат заңнамалық тұрғыдан қолдау көрсетуге, тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін арттыруға және елдігімізді еңселі етуге өз үлесін қосатын болады.


Өзгелердің жаңалығы