Үндістанның шығыс жағалауына «Мурасу» циклоны соқты

Қауіптің алдын алу мақсатында жергілікті билік дүйсенбіден бастап тұрғындарды эвакуациялауға кіріскен.

 REUTERS/Riya Mariyam 4 Қараша 2026, 00:30
4 Қараша 2026, 00:30
165
Фото: REUTERS/Riya Mariyam

Үндістанның шығыс жағалауында «Мурасу» циклоны тіркеліп, мыңдаған тұрғын қауіпсіз жерлерге эвакуацияланды.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, бұл – соңғы бір апта ішінде аймаққа соққан екінші циклон.

Үндістан метеорологиялық департаментінің мәліметінше, дауыл 3 қараша күні жергілікті уақыт бойынша сағат 03:30 бен 05:30 аралығында Андхра-Прадеш штатының оңтүстік-шығыс жағалауына жеткен. Сол кезде желдің жылдамдығы сағатына 100-110 шақырымға дейін жетіп, екпіні 120 шақырымды құраған.

Андхра-Прадеш табиғи апаттар басқармасының басшысы Прахар Джейннің мәлімдеуінше, циклон салдарынан бірнеше ағаш пен электр бағанасы құлаған. Дегенмен, әзірге адам шығыны мен зардап шеккендер туралы ақпарат тіркелмеген.

Қауіптің алдын алу мақсатында жергілікті билік дүйсенбіден бастап тұрғындарды эвакуациялауға кіріскен. Жалпы, циклонның ықтимал бағытына жақын орналасқан елді мекендерден шамамен 30 мың адамды қауіпсіз аймақтарға көшіру жоспарланған.

Метеорологтердің болжамынша, дауылдан Андхра-Прадеш пен Тамилнад штаттары көбірек зардап шегуі мүмкін. Циклон Бенгал шығанағында қалыптасқан. Бұл аймақ тропикалық дауылдардың жиі пайда болуымен ерекшеленеді.

Айта кетейік, бұған дейін Үндістанның шығыс жағалауына соққан «Арнаб» циклоны салдарынан кемінде алты адам қаза тапқан.

Наверх